Ақтөбеде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бірегей кәсіптер көрмесі өтті

Ақтөбеде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бірегей кәсіптер көрмесі өтті

Әрбір мектеп түлектеріне болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға және еңбек нарығындағы ең сұранысқа ие бағыттармен танысуға мүмкіндіктер ұсынылды.

Көрмені Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров аралап, жастар арасында техникалық және жұмысшы мамандықтарды кеңінен насихаттау қажеттігін алға тартты.

Оның сөзінше, жұмысшы мамандықтардың дамуы – өңірдің экономикалық өсуінің негізгі факторы, ал білікті мамандарды даярлау – білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі.

Көрме өңірдің 21 кәсіпорны, 40 колледжі және әлеуметтік серіктестерінің басын біріктірді. Оған қаладағы барлық мектептің 9-класс оқушылары шақырылды.

Ашық кәсіби алаңда колледждердің үздік тәжірибелері ұсынылып, өңір кәсіпорындары мен оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері көрсетілді. Оқушыларға токарь, тігінші, шаштараз, жүргізуші, электрик және басқа да жұмысшы мамандықтары бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Қатысушылар бұл арқылы тек мамандықтармен танысып қана қоймай, оларды тәжірибе жүзінде сынап көруге, әртүрлі кәсіптерге қажетті дағдыларды түсіне алды.

Көрме техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне өз жетістіктері мен инновацияларын таныстыруға септігін тигізді. Мысалы, Еуропалық жоғары экономика, бизнес және құқық колледжі дауыспен басқарылатын гуманоид робот пен ит-роботты көрсетті. Оларды қонақүй саласында қызмет етуге, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсету және іздестіру-құтқару операцияларында қолдануға әбден болады.

Қобда көпсалалы колледжі жиһаз жасауға арналған ағаш өңдеу бойынша шеберлік сабақтарын өткізіп, қатысушыларға токарьлік дағдыларын сынап көруге мүмкіндік берді. Шалқар көпсалалы колледжі оқушыларды жүнмен сурет салу және киіз бұйымдарын жасау техникасымен таныстырды.

Көрмеде ерекше білім беру қажеттілігі бар жастарға арналған сирек кездесетін мамандықтар мен кәсіптерге ерекше назар аударылды.

Кәсіпорын өкілдері колледждер және студенттермен үшжақты келісімдер жасасу мүмкіндігін талқылап, бұл түлектердің жұмысқа орналасуын жеңілдетуге жол ашты.

Сонымен қатар, көрме аясында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Қатысушылар жұмыс берушілердің ұсыныстарымен танысып, түйіндеме жазу, сұхбатқа дайындалу, еңбек нарығындағы заманауи үрдістер, қызметкерлердің құқықтары мен жұмысқа орналасу шарттары туралы кеңестер алды.

«Кәсіби ашық алаңды» аралаған Асхат Шахаров жұмысшы мамандықтардың өңір үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынын тілге тиек етті.

«Біздің міндетіміз – жастарға сапалы кәсіби білім беріп қана қоймай, олардың жұмысқа орналасуына жағдай жасау. Жұмысшы мамандықтар сұранысқа ие, тұрақты және өңірдің дамуына кең мүмкіндіктер береді. Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жұмысшы мамандықтарды дамытуға басымдық береміз. Осыған байланысты колледждерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету міндеті тұр. Қазіргі уақытта 10 колледжді жабдықтау бағдарламаларын әзірлеп жатырмыз. Біз бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие мамандарды дайындауымыз керек», – деп атап өтті облыс әкімі.

Бұл көрме жастарды техникалық мамандықтарға тартудағы маңызды қадам болды, сондай-ақ кәсіби өсу мен мансаптық дамудың нақты мүмкіндіктерін көрсетті.

Дереккөзі: https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/944864?lang=kk