
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай Бестамақ мәдениет үйі алаңында «Қош келдің,Наурыз!» атты ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Бестамақ ауылдық округінің әкімі Дәулеталин Қанат Сағынғалиұлы барша қауымды мерекемен құттықтап, ел бірлігі мен берекесін арттырудағы бұл күннің маңызына тоқталды. Сонымен қатар осы іс-шараға белсенді қатысып, өз үлестерін қосқан ауыл мекеме ұжымдарын марапаттады.
Шара барысында ұлттық салт-дәстүрлер насихатталып, ән мен күй, би мен жырдан шашу шашылды. Көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған концерттік бағдарламада өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. Мерекелік іс-шаранаың барысында наурыз көже, бауырсақ, және тағы да басқа ұлттық тағамдар келген қонақтарға тарту етілді.
Қол күрес, қазақша күрес, асық ату, гір көтеру сияқты ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өз жеңімпаздарының мерейін үстем қылды. Жеңімпаздар алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Бұл мереке – береке мен бірліктің, жаңару мен жақсылықтың жаршысы. Бұл күні мәдениет үйінің алаңы қонақтарға толы болды.
Келген қонақтар жылы лебіздерін білдіріп, мерекенің сәнін арттыра түсті.
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!