«Ауыл аманаты» – ауыл берекесінің бастауы

«Ауыл аманаты» – ауыл берекесінің бастауы

           ​Ауыл шаруашылығын дамыту және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде өз жемісін бере бастады. 2024 жылы басталған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде ауыл экономикасы жаңа қарқын алып, кәсіпкерлер алғашқы табысына кенелді.
​         Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан бұл жоба аясында 2024 жылы бірқатар ауыл тұрғындары мал бордақылау бағыты бойынша 2,5%-дық жеңілдетілген несиеге қол жеткізген болатын. Бұл қолдау ауыл халқының табысын арттыруға ғана емес, сонымен қатар тұрақты жұмыс орындарының ашылуына, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың кәсіби шаруа қожалығы деңгейіне көтерілуіне үлкен мүмкіндік берді.
           Биылғы жылы жобаға қатысушы кәсіпкерлер алғашқы өнімдерін өткізіп, таза пайда көре бастады. Көптеген шаруашылықтарда мал басы көбейіп, өндіріс көлемі артқан. Бұл өз кезегінде жергілікті нарықты сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізуде.
           Жобаның басты ерекшелігі – оның әлеуметтік бағыттылығында. Несие алған азаматтардың арасында көпбалалы отбасылар мен жас кәсіпкерлердің үлесі басым. Шаруашылықтардың кеңеюіне байланысты қосымша жұмыс күші тартылып, ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешуге оң ықпал етуде.
            «Ауыл аманаты» жобасының сәтті жүзеге асуы – ауылдың ертеңіне деген сенімді нығайтады. Алғашқы лекпен кәсіп бастағандардың жетістігі басқа да ауыл тұрғындарына үлгі болып, кәсіпкерлік бастамалардың артуына қозғау салуда. Алдағы уақытта мемлекеттік қолдау шаралары жалғасып, жоба аясы бұдан да кеңейе түссе екен.