
Бүгін, 14 наурыз — Көрісу күніне орай Есет батыр ауылында ерекше мерекелік іс-шара өтті. Ұлыстың ұлы күнінің бастауы саналатын айтулы мерекеде ауыл орталығына сәнді киіз үй тігіліп, ұлттық салт-дәстүріміз дәріптелді. Ауыл тұрғындары бір-бірімен қауласып көрісіп, игі тілектерін білдірді.
Мереке аясында жергілікті өнерпаздардың қатысуымен салтанатты концерт ұйымдастырылды. Домбыраның күмбірлеген үні мен әуезді әндер жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік дастарқан жайылып, ауыл тұрғындары мен қонақтарына қазақтың ұлттық тағамы — наурыз көже мен ыстық бауырсақтар ұсынылды.
Мерекелік шарада ауылдық округ әкімі Н. Тәженов сөз сөйлеп, жұртшылықты жаңа жылдың бастауымен құттықтады. Ол өз сөзінде Амал мерекесінің береке мен бірлікті нығайтудағы маңызына тоқталып, әр шаңыраққа бақ-береке мен амандық тіледі. Бұл күн ауыл халқының басын қосып, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртқан ерекше мереке ретінде есте қалды.