Жыл басынан бері өңірдегі шаруашылықтарға «Ауыл Аманаты» жобасы аясында 2,5 млрд теңгеден астам несие берілді. Бұл 400-ден астам жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. «Жалпы ағымдағы жылдың 5 айында 600-ге жуық жобаның құжаттары мақұлданды. Несиелеу барысында басымдық құс, өсімдік, қайта өңдеу және шағын бизнесті жүзеге асыруға бағытталды. Қазіргі таңда қосымша мал шаруашылығын да қаржыландыру қолға алынды»-деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Бағдат Қожамұрат.
Жалпы үстіміздегі жылы «Ауыл Аманаты» жобасы аясында 9 млрд теңгеге 1725 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 2000-нан астам жұмыс орны құрылып, 1471 жаңа кәсіпкер тіркелмек. Атап өтейік, облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алған отыздан астам тұрғын биыл су тасқынынан зардап шеккен. Қазір олардың қарызын өтеу үшін жеңілдік кезеңі белгіленді. Алты адамға несиені үш айға кейінге шегеруге ұсыныс берілген. Бұл шаралар «Ақтөбе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы жүзеге асырылып жатыр.