
Өңірде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша жағдай тұрақты
Өткен жылмен салыстырғанда 2025 жылы Ақтөбе облысында халықтың дәрі-дәрмекке деген сұранысы екі есеге артқан. Соған қарамастан амбулаториялар мен стационарларға тегін дәрі-дәрмектерді жеткізуде кідіріс болған жоқ. Бұл туралы өңірлік оммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облысы бойынша «СҚ-Фармация» ЖШС өкілдігінің басшысы Нұрлан Жұбанышев мәлімдеді. Спикердің айтуынша, бірыңғай дистрибьютор медициналық ұйымдарды дәрілік заттармен уақытылы қамтамасыз етуге ден қойып отыр.
«Ақтөбе облысында «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы стационарлық және амбулаториялық бағытта барлығы 66 медициналық ұйым дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде. Тек амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша биыл шамамен 500 атау препарат жөнелтілді. Қосымша қажеттілікті ескергендегі жеткізілімнің жалпы көлемі 9 млрд 400 млн теңгеден асты» - деді Нұрлан Жұбанышев.
Серіктестік өкілінің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар ауруларға ерекше назар аударылуда. Жыл соңында өңірде қант төмендететін бірқатар дәрі-дәрмектерді жеткізу барысында белгілі бір қиындықтар туындаған. Тапшылыққа жол бермеу мақсатында қосымша өтінімдер жедел жиналып, Бірыңғай дистрибьютордың төмендемейтін қоры іске қосылған. Аталған көлемнің бір бөлігі бүгінде Ақтөбеге жеткізілді, қалғаны алдағы күндері келеді.
Сонымен қатар, 2026 жылға медициналық ұйымдар тарапынан ұсынылған дәрі-дәрмек көлемдері өңірге қазірдің өзінде келіп жеткен, ал оларды кезең-кезеңімен жөнелту қаңтар айынан басталады. Бұл жыл басында медициналық ұйымдарды уақытылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.