Ақтөбе облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Ақтөбе облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты

2025 жылдың алғашқы 7 айының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақты деңгейде сақталуда. Өңірде оба, тырысқақ, құтырма секілді аса қауіпті жұқпалы аурулар, сондай-ақ вакцина арқылы басқарылатын күйдіргі, күл, сіреспе, эпидемиологиялық паротит жағдайлары тіркелген жоқ. Сонымен бірге вирусты гепатит пен паразиттік аурулардың өршуі де байқалмаған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Аяғанова мәлімдеді. Ол ведомствоның биылғы 7 айдағы жұмыс қорытындысына тоқталып, өңірдегі жалпы эпидемиологиялық жағдайды баяндады.

Спикердің айтуынша, соңғы жылдары елде қызылша мен көкжөтел бойынша қалыптасқан жағдай ескеріліп, аурудың таралуына жол бермеу мақсатында бірқатар алдын алу шаралары жүргізілген. Атап айтқанда, 6 айдан 10 айға дейінгі және 2-4 жастағы балаларға, медициналық қызметкерлерге қосымша иммундау жұмыстары ұйымдастырылды. Бұған қоса, осы кезеңге дейін жүргізіліп келе жатқан 18 жасқа дейінгі тұрғындарды ілеспелі егу науқаны жалғасын тапты. Соның нәтижесінде 2025 жылы қызылша мен көкжөтелге байланысты эпидемиологиялық ахуал тұрақтанған.

«Жыл басынан бері тағам, білім беру және сумен жабдықтау нысандарында жаппай улану немесе ішек инфекциялары тіркелмегені – санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың тиімділігін көрсетіп отыр», – деді Индира Алмағанбетқызы.

Сонымен қатар, облыста ауыз су сапасына тұрақты түрде санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізілуде. Биылғы жеті айда микробиологиялық көрсеткіштер бойынша 723 сынама зерттеліп, сәйкес келмейтіні анықталмаған. Бұл ауыз судың таза әрі қауіпсіз екендігінің көрсеткіші.