Премьер-министр Олжас Бектенов Президент тапсырмаларын, оның ішінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларын орындау аясында негізгі энергетикалық және ақпараттық-коммуникациялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кеңес барысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов баяндама жасады, деп хабарлайды Primeminister.kz.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның электр энергиясымен өзін-өзі толық қамтамасыз етуіне қол жеткізу және резервтерді қалыптастыру міндетін қойды. Негізгі энергетикалық жобаларды жүзеге асыру – экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық міндет. Энергожүйенің тұрақты әрі болжамды жұмысы өнеркәсіптік өсім мен өңірлердің дамуына негіз болып, жаңа жобалардың, оның ішінде цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу бағытындағы жобалардың іске қосылуына жағдай жасайды. Жаңа қуаттардың белгіленген мерзімде іске қосылуын қамтамасыз ету қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.