Төтенше жағдайлар министрлігі табиғи өрттердің алдын алу және халықты қорғау жұмыстарын жалғастыруда

Төтенше жағдайлар министрлігі табиғи өрттердің алдын алу және халықты қорғау жұмыстарын жалғастыруда

Қазақстан аумағында өрттің алдын алып, оны ерте анықтауға басты назар аударылып отыр. «Орман» және «Табиғат» ақпараттық жүйелері, орман шаруашылықтарының бейнебақылау деректері, космомониторинг және геоақпараттық жүйе арқылы тәулік бойы мониторинг жүргізіледі. Орман алқаптарында су шашу құрылғылары бар авиация кезекшілік атқарады. Бүгінде 24 борт дайындықта тұр. 26 орманшылықта ТЖМ күштері 36 механикаландырылған күзет бекетін құрды. Бұл туралы ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев ОКҚ брифингінде хабарлады.
Оның айтуынша, табиғи өрттердің алдын алудың жаңа моделі өрт санын барынша азайтуға мүмкіндік берді.

«Еліміздің орман-дала алқаптарында алдын алу шараларын жүргізу үшін Төтенше жағдайлар министрлігі, полиция және орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері қатарынан мобильдік топтар құрылды. Өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзушылықтары үшін 52 млн 116 мың теңгеге 3000 астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шаруа қожалықтарында нұсқамалар өткізілуде. Трансшекаралық ынтымақтастық шеңберінде Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанмен бірлескен оқу-жаттығулар өткізілді. Орман шаруашылығы мекемелерімен 300-ден астам өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді», – деді спикер.