
Құрметті Шалқар қаласының тұрғындары!
Баршаңызға белгілі ағымдағы жылдың 15 мамыры күні қаламыздағы санитариялық тазалық жұмыстары, яғни қала тұрғындарының қоқыс қалдықтарын шығару тоқтатылды. Тазалық жұмыстарының тоқтау себебін тазалық жұмыстарын жүргізетін кәсіпкер тұрғындардың басым көпшілігінің қоқысқа ақша төлемеуінен екендігінен деп түсіндірді.
Аталған жеке кәсіпкер 2023 жылдан бастап жүргізіп келеді және жұмысын тиянақты әрі уақытында атқаратынын қала халқы жақсы біледі. Оған қала тұрғындарының әлеуметтік желідегі жазбалары мен қаламызың тазалығы дәлел бола алады. Дегенмен де жерлестеріміздің көпшілігі қоқысқа ақша төлеуден бас тартып отырғандығы былай тұрсын тіпті келісім-шартқа да отырмаған. Қазіргі таңда қала тұрғындарының төрттен бірі ғана шартқа отырып, одан аз бөлігі ақша төлеген. Ал бұл жағдай кәсіпкердің жұмысын кері кетіріп, банкроттық жағдайға жақындатуда.
Шалқар қаласы әкімі аппаратының араласуымен 19 мамырдан бастап жеке кәсіпкер жұмыстарын қайта бастады. Жиылған қоқыстар шашылып қалғандықтан және кестеден кеш қалғандықтан 24 мамырда ғана қала тазалығы қалпына келді.
Құрметті жерлестер!
Шалқар қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметі үшін тиісті ақы жиналмағандықтан шығынға батқан кәсіпкер техникаларыын заманға сай жаңғырту түгілі, жұмысшыларының жалақысын бере алмайтын деңгейге жетіп отыр. Бұл қала көшелеріндегі қоқыстың уақтылы шығарылмауына және қаланың ластануына әкеп соғады. Осы жағдайдың алдын алу мақсатында алдағы уақытта тазалық үшін ақы төлемеген тұрғындар тізімін әлеуметтік желіге жариялауға да мәжбүр болуы мүмкін. Өйткені тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметі үшін ақы төлеу қолданыстағы заңнама бойынша тұрғындардың міндеті болып табылады.
Расында, қала тазалығы – халықтың мәдениеттілігінің өлшемі десек, қаланың таза болуы, ең алдымен, тұрғындардың жанашырлығы мен жауапкершілігін қажет ететінін ұмытпауға тиіспіз.
Сіздерден қоқыс қалдықтарын алу үшін төленетін қаражатты уақытында төлеуді , осы арқылы сүйікті қаламыздың тазалығына өз үлестеріңізді қосуды сұраймын.
Шалқар қаласының әкімі
Қорғанбек Рамазанұлы Исаев