
Қарғалы (Жилянка) тұрғын алабы арқылы өтетін Песчанка өзенінің арнасын қоқыстан, қурап құлаған ағаштардан тазарту жұмыстары жүргізілді. Қала әкімі Азамат Бекет жұмыс жүргізілген аумақта болып, өзен жағасында орналасқан үйлерге көктемде аққан судан қауіп төнбесі үшін бекіту шараларын жалғастыруды тапсырды.
«Өткен көктемде Песчанка тасыған кезде жақын орналасқан үйлерге су кіргенін көзіммен көрдім. Арнаны жақсылап тазаласақ, ағын судың жолына кедергі болмайды», - деді Азамат Бекет.
“Көктем-2025” штабтық оқу-жаттығулар аясында Песчанканың арнасын қураған ағаштар мен қоқыстан тазалауға Алматы ауданының коммуналдық қызметінен 25 адам, Ақтөбе заң институтынан 25 курсант жұмылдырылып, 80 тонна қоқыс шығарылды.
«Песчанканың арнасы өткен көктемде тасыған судың екпінінен құлаған ағаштан, қамыс пен қоқыстан толып қалған екен. Соның бәрін тазартып шықтық. Бұл шара арнаның ағын суды өткізу мүмкіндігін арттырды. Алдағы көктемде су кедергісіз өтіп кетеді деген болжам бар», - деді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Азамат Нагимов.