Ақтөбеде су тасқынына қарсы жұмыстар 27 учаскеде жүргізілуде

Ақтөбеде су тасқынына қарсы жұмыстар 27 учаскеде жүргізілуде

Қала аумағында көктемгі су тасқыны кезінде тұрғын алаптарды қорғау үшін айналма каналдар, бөгеттер салынып, жағалаулар бекітілуде. Дала сулары тұрғын алаптарды айналып өтіп, өзендерге құюы керек. Қазір Ақтөбе мен оның маңындағы елді мекендерде су тасқынына қарсы күреске бағытталған ондаған жоба жүзеге асырылуда.

Олардың бірі өткен көктемде су шайған Мағаджан тұрғын алабында атқарылуда. Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет тұрғындармен кездесіп, мердігер ұйымдар жасап жатқан жұмыстар барысын бірге барып қарады.

Мағаджан тұрғын алабының кіреберісіндегі жолдың астындағы бұрынғы 1,5 диаметрлі су өткізу құбыры өткен көктемде келген дала суларына төтеп бере алмады.

«Наурыздың 27-сі күні тасқын су келгенде жолды бұзуға тура келгенін білесіздер. Сол кездегі уәде бойынша кіреберіс жолға 4×2,5 диаметрлі төрт бұрышты су өткізгіш құрылыстар орнатылды. Енді тұрғын алапқа кіретін өзге екі өткелге де осындай үлкен су өткізу құрылыстарын орнатып жатырмыз. Мағаджан, Сая елді мекендерін айнала бөгет салып, дала сулары Елекке құятындай мүмкіндік жасалып жатыр», - деді қала әкімі.

Өткен көктемде су тасқынының зардабын тартқан қала маңындағы елді мекендердің тағы бірі - Өрлеу тұрғын алабы. Ойда тұрған Өрлеуге қырдан аққан қар суы топырақтан көтерген бөгетті айналып өтіп кірген болатын. Бұл жағдай қайталанбасы үшін дала суларының бағытын бұру мақсатында қазір “Батыс Актобе Group” ЖШС мердігер ұйымы 3 шақырым арна қазып, үш бөгетті топырақпен, қой тастармен бекітіп жатыр.

«Су тасқыны - айтып келмейтін табиғи апаттардың бірі. Сондықтан, біз түрлі жағдайға дайын болуымыз керектігін облыс әкімі ескерткен болатын. Бұл жұмысты атқару барысында осы жердің бедерін жақсы білетін бұрынғы ауыл тұрғындарымен кеңесіп отырыңыздар. Себебі, бәрін алдын ала болжау мүмкін емес. Мысалы, Өрлеуге су келетін бағытқа өткен жылы үш бөгет салынған болатын. Бірақ биылғы көктемде су жылдағы бағытынан жаңылып, Өрлеуге бөгетті айналып өтіп кірді. Себебі, дала суларының табиғи арнасы Елекке Өрлеудің үстімен өтіп құяды екен. Енді осы қазылып жатқан үш шақырым арна судың бағытына Өрлеуді айналып өтіп, Елекке құятындай мүмкіндік беруі тиіс», - деді қала әкімі Азамат Бекет.

Өткен көктемде тасқын су ең алдымен Жаңа Қарғалы тұрғын алабын басып кірді. Бұл жерге Ақжар елді мекені жағынан келетін дала суларын Қарғалы өзеніне бағыттау үшін мамандар арық қазу туралы шешім қабылдаған болатын. Қазір бұл жерде "ARLAN TRANS-LOGISTICS" ЖШС мердігер ұйымы 1700 метр канал қазуға кірісті.

«Осы 1700 метр арықтың 450 метрін түбін, жан-жағын бетондап, қоршап тастаймыз. Себебі, арықтың сол тұсы Жаңа Қарғалыдағы тұрғын үйлерге жақын өтетін болады. Жұмысты екі аптаның ішінде аяқтаймыз. Бұл жерге Ақжар-2 тұрғын алабынан көктемде дала сулары келеді. Осы арық арқылы біз сол қырдан келетін судың бағытын Қарғалы өзеніне қарай бағыттап жібереміз», - деді мердігер ұйым өкілі Жазылбек Бекболатов.

Сонымен қатыр, Ақтөбеде қалалық сүт зауыты ауданына (ГМЗ) және Елек көшесіне көктемде жиналатын дала суларын Тамды өзеніне бағыттайтын ашық және жабық суағар кәріздерінің құрылысы жүріп жатыр.
Қала әкімі Азамат Бекет “Үш сай” ЖШС мердігер ұйымы жасап жатқан жұмыстар барысын барып көріп, алдағы көктемде аталған аудандарда мәселе туындамауы керек деп ескертті.

“Елек көшесінде, ГМЗ ауданында және оған жақын бау-бақша ұжымдары көктем сайын су тасқынының зардабын шегіп келеді. Бұл ауқымды жоба екі жылға жоспарланғанын білемін. Дегенмен, биыл жыл соңына дейін суағар құбырларын орнатып, көктемде жиналған су өзенге ағып кететіндей мүмкіндік жасауға тиіссіздер. Бұл кезек күттірмейтін жұмыс», - деп ескертті Азамат Бекет.

Мердігер өз кезегінде биылға жоспарланған жұмысты осы айдың соңына дейін аяқтап үлгеруге уәде берді.

“Күншуақ көшесінен ГМЗ ауданына жиналатын суды жерасты кәрізі, яғни диаметрі 800-дік трубамен Тамды өзеніне құятын жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Елек көшесі жағында ашық, Күншуақ көшесі жағында жабық кәріз жүйесі болады. Резервуары бар КНС (кәріз насос станциясы) орнатып жатырмыз. Сонымен қоса, өзенге құятын жерінде кәріз тазарту құрылысы болады. Сол арқылы су Тамдыға жіберіліп отырады.
Бүгінгі таңда құбырдың 1,4 шақырымына салып болдық. Қазір енді Тамды өзені тұсындағы 600 метр жерді осы тартылған құбырға қосу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Осы жұмыстың нәтижесінде алдымыздағы көктемде ГМЗ аумағында жаңбыр мен еріген қар сулары жиналмайтын болады, су толық Тамдыға қарай ағып кетеді деп сендіремін», - деді “Үш сай” ЖШС өкілі Мейрамбай Ноғаев.

Авиатор тұрғын алабы аумағында да жауын-шашын суларын Сазды өзеніне бұру мақсатында суағар кәрізінің құрылысы жүруде.
Бұл жоба келесі жылы аяқталады. Бірақ биыл жұмыстың негізгі бөлігі аяқталуы керек.

Мердігер ұйым “Казеврострой” ЖШС басшылығы құрылыс жұмыстарының барысын қала әкімі Азамат Бекетке баяндады.

“Біз әуежайдан автомаркет аумағына дейінгі учаскеде жабық типті суағар кәрізін салып жатырмыз. Бұл жердегі суағар кәрізінің ұзындығы 3 шақырым болады. Жоба бойынша қысым коллекторы және кәріз тазарту құрылыстары болады. Суағар арнасы қазылып жатқан тұстан газ желілеріне тап болдық. Оның мәселесін шешкенге дейін уақыт жоғалтқанымыз рас. Қазір жұмыс қарқынын үдеттік. Биыл осы ауданға жиналған суды Сазды өзеніне барып құйылатын суағар жасаймыз. Жұмыс нәтижесінде әуежай, авиақалашық аумағына жиналатын дала сулары қалаға қауіп төндірмеуі үшін біз суағармен өзенге ағатын мүмкіндік жасаймыз», - деп уәде берді “Казеврострой” ЖШС учаске басшысы Азамат Нұрғалиев.