Қаланың қоғамдық штабының өкілдері эва-куациялық пункттерде кездесулер өткізуде

Қаланың қоғамдық штабының өкілдері эва-куациялық пункттерде кездесулер өткізуде

Ақтөбе қалалық қоғамдық штаб өкілдері гуманитарлық колледждің жатаханасында эвакуацияланған тұрғындармен кездесу өткізді.

«Бау-бақша ұжымдары тұрғындарының көпшілігінің үйлерінің, жерлерінің, жалпы мүліктерінің құжаттары жоқ. Тіпті мүлдем рәсімделмеген, сатып алғандарын, өздері сол үйдің немесе сол жердің иесі екенін дәлелдейтін құжаттары жоқ, есеп шоттары бұғаттаулы (заблокировано). Екі апта ішінде эвакопункттардағы адамдармен кездескендегі байқағаным осы болды. Сондықтан, мамандармен кездесу ұйымдастырып, заң аясында кеңес беруді жөн санадық», - дейді қалалық мәслихат төрағасы Анар Даржанова.

Кездесуге Ақтөбе қалалық мәслихатының төрағасы Анар Даржанова, Ақтөбе қаласының жер қатынастар бөлімі басшысының орынбасары Қуандық Тапаев, Ақтөбе қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Абылай Гумаров, Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының адвокаттары Әсел Айтекова мен Мұхтар Мырзаш және екінші деңгейлі банк өкілдері қатысты.

Кездесу барысында тұрғындарға құжаттарды рәсімдеу туралы кеңес берілді. Одан бөлек, бір реттік әлеуметтік төлем қалай алуға болатындығы жөнінде және заң жүзінде атқарылатын қызметтер бойынша ақпарат беріліп, екінші деңгейлі банктерде несиелерді уақытша тоқтатуға байланысты түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ол үшін банкке жазылатын өтініш үлгілері табысталды, тұрғындар өтініштері тыңдалды.