Тұрғын үйге кезекке қою

Тұрғын үйге кезекке қою

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы шешім қабылдауы  «Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі» ММ  көрсетеді.

Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сы болған жағдайда мемлекеттік көрсетілетін қызметті «Электрондық үкімет» www.egov.kz веб-порталы арқылы электрондық нысанда алуға мүмкіндігі бар.

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі:

1) өтініш;

2) әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар жұмыс орнынан анықтама ұсынады;

3) мынадай жағдайларда: отбасы тұратын тұрғын үй белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтін болса, өтініш беруші санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымы жүргізген санитариялық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелері бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі берген санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының көшірмесін ұсынады;

отбасы тұрып жатқан тұрғын үй белгіленген техникалық талаптарға жауап бермейтін болса, көрсетілетін қызметті алушы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы аттестатталған сарапшының техникалық қорытындысының (тұрғын үйді техникалық тексеру нәтижелері бойынша) көшірмесін ұсынады;

жапсарлас, оқшауланбаған тұрғын үй-жайларда екі және одан көп отбасы тұрып жатқан жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы өзі тұратын тұрғынжайдың техникалық паспорты мен құқық белгілейтін құжатының көшірмелерін қосымша ұсынады;

отбасы құрамында кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын науқастар бар, бір үй-жайда (пәтерде) олармен бірге тұру мүмкін болмаған жағдайда көрсетілетін қызметті алушы тиісті ауру түрін растайтын құжатты қосымша ұсынады.

Ақпараттық жүйеде деректер болмаған жағдайда: халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар қосымша өтініш берушінің (отбасының) халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататынын растайтын құжатты, сондай-ақ отбасының әрбір мүшесіне (мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларды, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, Ұлы Отан соғысының қатысушыларын қоспағанда) соңғы он екі ай ішінде табысы туралы мәліметтерді ұсынады.

Басқа адамдарды өтініш берушінің отбасы мүшелері деп таныған жағдайда, оларды өтініш берушінің отбасы мүшелері деп тану туралы сот шешімінің көшірмелері ұсынылады.

Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сы болған кезде мемлекеттік көрсетілетін қызметті портал арқылы электрондық нысанда алуға мүмкіндігі бар.

Қосымша ақпараттарды алу үшін Алтынсарин көшесі, 2  мекен-жайы орналасқан «Ақтөбе қаласының турғын үй қатынастары бөлімі» ММ-не дүйсенбі-жұма, 9:00 ден 18:30 аралығында жолығуға болады.