Су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі талқыланды

Су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі талқыланды

Бүгін Ақтөбе қаласының әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіровтың төрағалығымен кеңес өтті. Кеңестің тақырыбы алдағы шомылу маусымында азаматтардың қауіпсіздігін сақтау және су айдындарын санитарлық күтіп ұстауды қамтамасыз ету бойынша кешенді профилактикалық жұмысты ұйымдастыру мәселесі болды. Оған ТЖ, полиция, СЭС өкілдері және жағажай иелері қатысты.

1 маусымда бүкіл республика бойынша шомылу маусымы ресми түрде ашылады. Шомылу маусымының ашылуымен қауіп артады, өйткені, балалар қарапайым ережелерді елемейді. Ересектер мас күйінде су түседі, жағажайда балалар қараусыз қалады. Мұның бәрі, өкінішке орай, қайғылы оқиғаларға себеп болады.

2022 жылғы шомылу маусымының қорытындысы бойынша қала аумағында орналасқан су айдындарында 9 адам, оның ішінде 3 бала суға кетті. 2021 жылы - 14, оның ішінде екеуі кәмелетке толмағандар.

Биыл коммуналдық және жеке жағажайларды ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, олардың саны 18-ден 21-ге дейін (19 жеке және 2 коммуналдық) ұлғайтылатын болады.
2022 жылы қала аумағында 18 жағажай жұмыс істеді. Сондай-ақ, 2 аквапарк ашылады деп күтілуде.

Су айдындарында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлік бөлімі және аудан әкімдіктері ТЖБ, СЭС және полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, су айдындарының жағасында төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту бойынша жүйелі түрде ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешенін жүргізетін болады. Оның ішінде, су айдындарының қауіпсіздік ережелерін түсіндіре отырып, жадынамалар таратылады.

«Шомылу маусымы әлі басталған жоқ, бірақ кейбір азаматтар өз өмірлерін қатерге тігіп, жабдықталмаған жағажайларда суға түсіп жүр. Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін барлығымыз азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оның ішінде су айдындарының санитарлық ережелер мен нормаларды сақтауға бағытталған қажетті шараларды уақтылы қабылдауымыз қажет.
Жазғы кезеңде жағажайларда маусымдық тамақтану орындары пайда болатынын бәріңіз жақсы білесіз. Көбінесе кәсіпкерлер коммуналдық қызметтермен қоқыс шығару туралы келісім-шарттар жасамайды.
Сондықтан, алдын ала ескертемін, жалпыға ортақ пайдаланылатын орындардың, демалыс аймақтарының ластанса, белгіленбеген жерлерге қоқыс қалдықтары тасталса, жағадай иелері жауап береді. Олар қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Егер учаске жеке меншікте болса, оның иесі тазалықты сақтауы керек. Бұл жалға алушыларға да қатысты», - деді Жангелді Әубәкіров.