Бүгін Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребековтің және Астана ауданының әкімі Айбек Купеновтің Оқушылар сарайында тұрғындармен тұрақты кездесуі өтті.
Алдымен аудан әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына тоқталды. Өткен 2022 жылы Астана ауданы бойынша осы бағдарлама аясында 3 балалар алаңы, 3 спорт алаңы, 1 футбол алаңы орнатылды, 1 баскетбол алаңы жөндеуден өткізілді, 5 тротуар салынды, «Сазды» тұрғын алабында саябақ бой көтерді.
Бұдан бөлек, биыл жасалатын жұмыстар да айтылды. Биыл Астана ауданының аумағында 117 көше жарықтандырылады, 13 көше күрделі, 7 көшеде орташа жөндеу жалғасады, сондай-ақ 100-ден астам аула аумағын абаттандыру жоспары бар.
Айбек Купеновтің баяндамасынан кейін, кезек тұрғындардың сұрақтарына берілді. Жолдың, жарықтың, автобустың, бау-бақша ұжымдарының мәселелері көтерілді. Сұрақтарға қала әкімі Мұрат Жөребеков жауап беріп, биылғы жұмыс қарқыны өткен жылғыдан төмендемейтінін жеткізді.
«Құрметті жерлестер, қала аумағы жыл сайын кеңейіп, жұмыс та, халықтың талабы да көбейіп отыр. Жыл соңына дейін қала аумағында бірнеше кездесулер өткіземін, бұл кездесулер мен үшін өте маңызды. Халықтың талап-тілегі біз үшін бағыт-бағдар береді. Автобустардың санын арттыру, қоғамдық көлік кестесін қайта қарау, жол жөндеу жұмыстарын, тазалықты бақылауға алу және басқа да толып жатқан көп жұмыстар бар. Бау-бақша ұжымдарының мәселесі бір бөлек. Қазір біз жұмыс тобын құрып, саяжайларда тұратын халықтың жағдайына көңіл бөлетін боламыз. Бұл әрине бір жылдың мәселесі емес, оны жүйелі шешу үшін жылдар қажет. Дегенмен, биыл осыны қолға алатын боламыз», - деді Мұрат Жөребеков.
Тұрғындар тазалық пен қауіпсіздік мәселесін көтерді. Биыл қалада 2 мыңнан астам бейнекамера қойылып, тәртіп күшейетін болады. Сол сияқты көптеген мәселелер осы кездесуде талқыланып, тұрғындар жауаптарын алды.
Бұдан соң қала әкімі 50 адамды жеке сұрақтары бойынша жеке қабылдады. Барлық мәселелердің шешіміне қатысты заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.