Мұрат Жөребеков: «Біз ақтөбеліктер үшін маңызды жобаларды іске асыруды кешіктірмеуіміз керек»

Мұрат Жөребеков: «Біз ақтөбеліктер үшін маңызды жобаларды іске асыруды кешіктірмеуіміз керек»

Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков қаланың негізгі нысандарының жұмысымен танысуды жалғастыруда. Бүгін Ол "Aqtobe su-energy group" АҚ-ның кәріз тазарту құрылғысының жұмысын барып көрді.

"Aqtobe su-energy group" АҚ басшылығы кәсіпорынның проблемалық мәселелері туралы қала әкіміне баяндап, кәріз тазарту құрылғысының жұмыс сызбасын көрсетті.

Кәріз тазарту қондырғылары 40 жыл бұрын Ақтөбеде салынып, өзінің пайдалану мерзімінің өткеруге таяды. Бүгінгі таңда жаңа КОС салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде.

Қаладағы жағымсыз иістің бір себебі, күкіртті сутегі қалдықтарының көзі - осы ескірген тазарту қондырғылары. Жағымсыз иісті уақытша болса да басу үшін қала әкімдігі реагенттерге (Ивказ) қаражат бөледі. "Ивказ" реагенті сәуір айынан бастап қолданыла бастауы керек. Ал осы жұмыстарды жүзеге асыратын мердігер конкурстық негізде айқындалады.

Қала әкімі биылғы жылы реагенттерді сатып алуға конкурс әлі жарияланбағанын білген соң, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысын сынға алды. «Сіз бұл процедураларды бүгіннен кешіктірмей ұйымдастыруыңыз керек. Біз ақтөбеліктер үшін маңызды жобаларды іске асыруды кешіктірмеуіміз керек. Ертең тұрғындар Сізден емес, менен сұрайды. Біз жаңа КОС салу мәселесі шешілгенге дейін жағымсыз иісті жою бойынша уақытша шараларды үзбей атқара беруге тиістіміз», - деді қала әкімі.

Әрі қарай Мұрат Жөребеков қоқыс полигонының аумағына барды.
Полигон бірнеше жылдан бері жазда қайта-қайта тұтанып, түтіндеп жатады. Бұл мәселенің шешімі әлі күнге дейін ашық күйінде қалып отыр.
«Қоқыс 14 метр тереңдікте көміліп жатыр. Қазіргі уақытта полигон тұтанып өртенбесі үшін инертті материалмен көму шараларын жасаудамыз. Ал жақын маңда салынған жаңа полигон жұмысын осы көктемде бастайтын болады», - деп түсіндірді "Табыс Ақтөбе" ЖШС директоры.