Әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақ-тандыру Меморандумына қол қойылды

Әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақ-тандыру Меморандумына қол қойылды

Қала әкімдігі мен кәсіпорындар арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков 50-ге жуық компанияның басшыларымен өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
Бұл ірі бөлшек сауда кәсіпорындары (гипер-, супермаркеттер), азық-түлік базарлары, жергілікті тауар өндірушілер және шаруа қожалықтары.

«Бұл құжаттың мақсаты – қала тұрғындарын қол жетімді, әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету, бағаны тұрақтандыру және жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсету.
Қала әкімдігі бүгін өздеріне әлеуметтік жауапкершілік алған кәсіпкерлердің барлық бастамаларына, оның ішінде жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға ілгерілету жөніндегі бастамаларына қолдау көрсетеді, сондай - ақ кәсіпорындардың проблемалық мәселелерін шешуге заң аясында ықпал етеді», - деп атап өтті қала әкімі Мұрат Жөребеков.

Қол қойылған меморандумдар шеңберінде ірі сауда желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тауардың кіріс бағасының 5% - нан аспайтын сауда үстемесін қосумен шектелетінін атап өткен жөн.
​Жергілікті тауар өндірушілер алдымен Ақтөбенің ішкі нарығын өз өнімдерімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ өздерінің өнімдерін сатушылар үшін тіркелген сауда үстемесін қолдану туралы міндеттемелер қабылдады.
Ал азық-түлік сауда базарлары өз кезегінде жалға алушылар үшін қызметтердің негізсіз өсуіне жол бермейтін болады және сауда орындарын беру кезінде алдымен Ақтөбе облысының тауар өндірушілеріне басымдық беретін болады.