Ақтөбе қаласында гүлдер фестивалі өтті

Ақтөбе қаласында гүлдер фестивалі өтті

Бүгін Абай даңғылы бойындағы гүлзар көздің жауын алатын, жұпар иісті әдемі гүлдермен көмкеріліп тұр. “Гүлдер әлемі” атауымен өтіп жатқан фестивальге қаладағы кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер, оқу орындар, бала-бақшалар мен мектептен тыс ұйымдардың ұжымдары, сондай-ақ гүл өсіруші тұрғындар қатысты. Ерекше ісшараға қатысуға барлығы 156 өтініш келіп түскен.
Ақтөбе облысының 90 жылдық мерейтойын насихаттау мақсатында өткен фестивальдің ашылуына аймақ басшысы Ералы Тоғжанов қатысып, мұндай тәрбиелік маңызы зор шараларды жиі өткізу керектігін баса айтты.
“Табиғатты аялап, туған жерді түлетуге, қоршаған ортаның көркемдігін көруге баулитын осындай танымдық шараларды тұрғындардың қатысуымен кең көлемде өткізу үрдіске айналуы керек. Гүл өсірумен, көгалдандырумен айналысатын мамандарды тарту арқылы қаланы абаттандыруға, өзіндік сәндік сәулетін қалыптастыруға болады”, - деп, жауапты сала өкілдеріне қала келбетін көркейту бойынша тиісті тапсырмалар берді.
Қаладағы танымал гүл салондары ғана емес, бау-бақша баптайтын бағбандарды да ұмыт қалдырмаған фестиваль соңында ең үздік гүл өсірушілер 9 номинация бойынша марапатталды. Қала тұрғындары көрме-жәрмеңкеден көңілі қалаған гүлдерді, шай мен балдың түрлі сұрыптарын, көпжылдық көшеттер, басқа да бақша өнімдерін сатып алуға мүмкіндік алды. Шара соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.