Жаңақоныс тұрғын алабында қала әкімінің тұрақты кездесуі өтті

Жаңақоныс тұрғын алабында қала әкімінің тұрақты кездесуі өтті

Бүгін қала әкімі Асхат Шахаров пен Астана ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов Жаңақоныс-1, 2, 3, 4, 5 тұрғын алаптарының тұрғындарымен 69-шы мектептің акт залында тұрақты кездесу өткізді. 2021 жылы атқарылған жұмыстар туралы айтып, биылғы жылға арналған жоспарлармен бөлісті.

Осы елді мекендердің тұрғындары көтерген өзекті мәселелер - қоғамдық көлік жұмысы, жолдар мен тротуарлар, сондай-ақ мектептер мен балабақшалар салу.

Тұрғындар көтерген бірінші мәселе 45-ші автобустың қозғалысына қатысты болды. Олар қоғамдық көліктің тұрғын алаптарының ішіне кіргенін қалайды. Тас жол алыс, жету оңай емес, - дейді олар. Қала әкімінің орынбасары Дамир Кубенов бұл сұраққа жауап беріп, мәселе назардан тыс қалмайтынына уәде берді:
«Автобус жол болған жағдайда кіре алады. Өздеріңіз білетіндей, ауылішілік көшелердің көпшілігі асфальтталмаған. Автобустардың келу мәселесін кешіктірмеу үшін біз уақытша жолдар салу, қиыршық тас төсеу туралы шешім қабылдадық. Әрине түгел ауылішілік жолдарды қамти алмаймыз. Кем дегенде автобус кіре алатындай жағдай жасаймыз», - деді Д.Кубенов.

Жалпы, Мамырғали Аққағазов жолдарды жөндеу мәселесіне қатысты биыл Едіге батыр көшесінен Абай көшесіне дейін жолдың үлкен учаскесіне асфальт төсеу жоспарланғанын баяндады. Ал мамыр айының соңында Жаңақоныс тұрғын алабында қиыршық тас төсеу жұмыстары басталады.

Кездесу барысында қала басшысы Асхат Шахаров, Астана ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов және бөлім басшылары тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Жиналған тұрғындар мектеп пен балабақша салу қажеттігін қозғады. «Білім басқармасына Жаңақоныс-2 тұрғын алабында мектеп салу туралы ұсыныс жолданды. Құжаттар дайындалуда. 2024 жылы салынатын болады. Балабақшаларға келетін болсақ, бұл ауданда бесеуі бар. Біз балалар санын есепке алып отырмыз. Әзірге тағы да балабақша салу жоспарға енген жоқ», - деп жауап берді қалалық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева.

Сонымен қатар, тұрғындар ұялы байланыс базалық станцияларын орнатуды сұрады. Аудан басшылығы оны орнататын жер жуық арада анықталады деп жауап берді.

Сондай-ақ мамыр айының соңына дейін Жаңақоныс-3-ке газ құбырын тарту толық аяқталады, ал Жаңақоныс 4 және 5 бойынша құрылым-монтаж жұмыстарын жылыту маусымына дейін аяқтау жоспарлануда.

«Биыл жалпы қала аумағында көшелерді жарықтандыру, жолдарды, аула аумақтарын асфальттау, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыратын боламыз. Сондай-ақ "Жаңақоныс-2,3,4,5" сияқты жаңа тұрғын алаптарға инженерлік желілер тарту бойынша да ауқымды жобаларды іске асыруға кірістік. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен қаражат бөлінуі үшін біз өткен жылы жобалық-сметалық құжаттамасын жасадық, жобаларды қорғап шықтық. Бұдан бөлек, Жаңақоныс аумағында Мәдениет үйі, балалар алаңдары, спорт кешені салынатын болады», - деп қорытындылады қала әкімі Асхат Шахаров.