Ақтөбе қаласының әкімі "Қазақстандық урбанистер қауымдастығы Q88" қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесті

Ақтөбе қаласының әкімі "Қазақстандық урбанистер қауымдастығы Q88" қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесті

Асхат Шахаровтың төрағалығымен «Қазақстанның урбанистер қауымдастығы Q-88» өкілдерімен кездесу өтті.
Урбанистермен кездесуге қала әкімінің орынбасарлары Сергей Ли, Дамир Кубенов және ТКШ, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшылары қатысты.

"Q88 қазақстандық урбанистер қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Аукенов және қауымдастық мүшелері Роман Шнайдерман, Лаура Бигалиева ұйымның қызметі, жүзеге асырылған жобалар туралы айтып, қалаға жүргізілген талдау нәтижелерімен бөлісті.

Сондай-ақ, қалалық инфрақұрылым, саябақтар, скверлер, аллеялар мен спорт алаңдарын қайта құрудың көрнекі мысалдарымен презентациялар ұсынылды.

Урбанистер стандартты дизайн бойынша жасыл аймақтарды жобалау кезінде жіберілген қателіктерді атап өтті. "Еліміздің көптеген қалаларындағыдай, Ақтөбеде де қоғамдық кеңістіктерде сәулет пен қоршаған ландшафт үйлесімінің жоқтығы байқалады", - деп атап өтті сарапшылар.

Презентацияда олар веложолдарға арналған маршруттарды, алаңдарды, саябақтарды жайластыру мысалдарын, сондай-ақ қаламыздың климатына сәйкес келетін өсімдіктердің түрлерін көрсетті.

«Q88 урбанистер Қауымдастығы қызметінің басым бағыттарының бірі Қазақстан қалаларында урбандалудың озық тәсілдерін енгізу болып табылады.
​Біз Ақтау, Атырау, Ақкөл, Павлодар, Шымкент, Тараз, Семей, Қапшағай қалаларының қоғамдық кеңістіктерін трансформациялау бойынша жобалар дайындадық.
Әзірленген тұжырымдамалар аталған қалалардың әкімдіктеріне таныстырылды. Ұсынылған жобалардың бір бөлігі іске асырылу сатысында.
​Біздің тұжырымдамалық тәсілдемелеріміз Ақтөбе қаласын трансформациялау үшін үздік урбанизациялық қағидаттарды енгізуді көздейді», - деді Қауымдастық төрағасы Ерлан Аукенов.

Өз кезегінде қала әкімі Асхат Шахаров қалада екінші жыл ескі қоғамдық кеңістіктерді жаңарту, жаңа скверлер салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын және биыл қаланы абаттандыру бойынша бірнеше жоба іске асырылатынын атап өтті.
«Қалалық орта тұрғындарға қолайлы болуы үшін біз урбанистика саласындағы мамандардың ғылыми-талдау жұмыстарына жүгінуіміз керек. Қала тез дамып келеді. Біз бұрынғы стандартты дизайн бойынша жобалау заманауи талаптарға сәйкес келмейтінін көріп отырмыз. Сондықтан сіздердің тәжірибелеріңіз біздің жобаларымызды сапалы жүзеге асыру үшін қажет», - деп қорытындылады қала әкімі.

Шара соңында Ақтөбе қаласының әкімдігі мен "Қазақстан урбанистері қауымдастығы Q88" қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Айта кету керек, Q88 урбанистер қауымдастығының өкілдері бүгін қала белсенділерімен және кәсіби мамандармен кездесу өткізіп, Қазақстан аумағын кешенді дамытудың жаңа стандарттарын таныстырды және алдағы уақытта Ақтөбе қаласының дамуын жұртшылықпен талқылауды жоспарлап отыр.