Қыс мезгілі басталып, өзен-көлдерге мұз қатқалы бері балық аулаушылар су қоймаларына бара бастады. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ақтөбе қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы бірінші кезекте балық аулау құралдары сатылатын сауда нүктелерімен, екіншіден, тікелей су қоймасында жүрген балықшылармен профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізеді. Бұл шараларды толық көлемде жүзеге асыру үшін жергілікті полиция қызметкерлерімен және облыстық аумақтық балық шаруашылығы инспекциясымен бірлесіп жұмыс атқаруда.
Мұздың қалыңдығы кем дегенде 10 см болуы керек.
Балықшылардың назарына: Мұз үстін бірнеше жерден бұрғылауға болмайды, мұз жарылып түсіп кету қаупі бар. Мұзда бірнеше адам топпен қозғалуға, бір жерге жиналуға болмайды, арақашықтық сақталуы керек. Балықшыда ең қажетті құтқару құралдары - кеудеше, балта, арқан болуы керек.
Егер адам мұз үстінде жүргенде сықырлаған дыбысты естісе, өзі келген бағытқа қарай жорғалау керек, жүруге немесе жүгіруге болмайды.
Мұз астына адамның құлағанын көрсеңіз, дереу 101 немесе 112 телефондары арқылы хабарлаңыз.