Ақтөбе мен Березники қалалары арасында бауырластық/серіктестік туралы Меморандумға қол қойылды

Ақтөбе мен Березники қалалары арасында бауырластық/серіктестік туралы Меморандумға қол қойылды

29 қарашада Ақтөбе қаласының әкімдігі мен Ресейдің Пермь өлкесіндегі Березники қаласы арасында бауырластық/әріптестік қарым-қатынас орнату туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл тарихи сәтке ресейлік тараптың сапары себепші болды.
Дос қалалар немесе бауырлас қалалар - бұл өзара байланысты жақсарту және ұлтаралық қатынастарды нығайту үшін тұрақты достық қарым-қатынас орнатқан аумақтар. Бауырластық мәртебесі шетелдік серіктестіктің сенімін, қалалар арасындағы өзара ынтымақтың үлгісін көрсетеді.
Бауырлас қала болу - қоғамдық дипломатияның құралы. Бауырлас қалалар мәртебесі халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, екі шаһардың тұрғындарына қатысты мәселелерді талқылауға және шешуге, серіктестермен тікелей жобалар мен іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров пен Березники қаласының басшысы Константин Светлаков қол қойған Меморандум білім беру, мәдени, гуманитарлық және экономикалық салалардағы, екі шаһар арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты көздейді.
Березники қаласы - Пермь аймағының ең ірі өнеркәсіптік орталығы. Құрамы мен қорлары жағынан бірегей Верхнекамск калий-магний тұзының кен орны кен өндіру, химия өнеркәсібі және түсті металлургия орталығы ретінде аумақтың дамуына себепші болып отыр. Березники - Пермнен солтүстікке қарай 170 км жерде орналасқан.
Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров екі шаһардың ынтымақтастық әлеуетіне түсіндіріп өтті. "Біз қалаларымыздың дамуы үшін қолайлы жағдайларды көріп отырмыз. Ақтөбе мен Березники тек бизнес саласында ғана емес, әлеуметтік салада да ынтымақтастықты арттыруға бейім қалалар. Бірінші кезекте, біздің екі аймақтың дамуына тиімді тәжірибе алмасу деп білемін", - деді А.Шахаров.
"Меморандумға қол қою қалалар арасындағы байланыстарды дамыту мен нығайту бойынша ынтымақтастық пен өзара жұмыстың жаңа кезеңін білдіреді", – деп атап өтті Меморандумға қол қою рәсімінде Березники қаласының басшысы Константин Светлаков. - Біздің алдымызда экономикалық әріптестіктен бастап мәдени байланысқа дейін, туризмді дамытудан бастап жалпы білім беру бағдарламаларына дейінгі түрлі салаларда бірлескен жұмыс жемісті болатынына сенімдімін".
Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою-екі қала арасындағы өзара қарым-қатынасты дамытудағы алғашқы қадам.