“Бетбұрыс” жобасының үздіктері марапатталды

“Бетбұрыс” жобасының үздіктері марапатталды

«Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие орталығында қала әкімі Асхат Шахаров “Бетбұрыс” жобасының үздіктерін марапаттады.

Биыл 12 мамырда қалалық мәслихат кәсіпке бет бұрған әйелдерді қолдау мақсатында «Бетбұрыс» әлеуметтік жобасын бастады. Жоба көпбалалы аналардың, өмірдің қиын жағдайына тап болған аналардың, ерекше көмекке мұқтаж балаларды тәрбиелеп отырған аналардың кәсіпкерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған.
«Өмірде әр түрлі қиыншылықтар кездеседі. Әр адам өзінің ішкі потенциалын пайдалануы, өзіне деген сенімді жолғалтпауы тиіс. Беріліп жатқақ қолдауды қабыл алып, осы жобаға қатысқандарыңыз үшін рақметімді айтамын”, - деді қала әкімі.
Жобаға 20 әйел қатысты. Олар қызметтер мен тауарлар өндіру саласында (нан-тоқаш өнімдері, сүт және қышқыл сүт өнімдері, тігін, шаштараз, емдік массаж) бизнес-жоспарлар дайындады.
Жоба басталғаннан ұзақтығы 150 сағат тренингтер, қазақстандық және халықаралық спикерлермен 15 сағат zoom-конференциялар өткізілді. Сонымен қатар жоба қатысушылары шағын бизнестің 15 кәсіпорнын, сондай-ақ бизнесті қолдау инфрақұрылымының нысандарын аралады.
“Бұл жоба әрқайсымызға күш-жігер берді, өзімізге деген сенім пайда болды. Қолдауларыңыз үшін алғысымыз шексіз”, - деді “Бетбұрыс” жобасының қатысушылары.
Жоба шеңберінде аналар бизнес жоспарларын дайындаған болатын. 12 ана Shell компаниясының қаржысына Еуропалық қайта құру және даму банкінің ұйымдастыруымен дайындалған Shell LiveWIRE бағдарламаcымен 4 айлық тегін оқу мүмкіндігіне ие болды және 3 ана «Бастау» жобасымен 583 мың теңге грант алды.