1-шілдеден бастап ҚР Әкімшілік ресімдік-процессуалдық кодексі күшіне енеді

1-шілдеден бастап ҚР Әкімшілік ресімдік-процессуалдық кодексі күшіне енеді

Бүгін Ақтөбе қаласының әкімдігінде ҚР Президентінің көмекшісі Тамара Дүйсенованың қатысуымен әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодекс туралы Заңын түсіндіру аясында мемлекеттік қызметшілермен кездесу өтті. Кездесуге «Е–Өтініш» жобасын іске асыруға жауапты мемлекеттік органдардың – Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі, Юстиция министрліктерінің, Бас прокуратураның өкілдері және облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, қала әкімі Асхат Шахаров, қалалық мемлекеттік мекемелер басшылары мен қызметкерлері қатысты. Президент көмекшісі мемлекеттік органдар қызметінің жаңа жағдайдағы жұмыс ерекшеліктері және өтініш берушілермен жұмыс сапасын арттырудың жаңа мүмкіндіктері туралы баяндап берді.

1-шілдеден бастап ҚР Әкімшілік ресімдік-процессуалдық кодексі күшіне енеді. Жаңа Кодекс – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Концепциясының іргелі нормативтік құжаты. Ол мемлекеттік органдардың өтініш берушілермен жұмыс парадигмасын түбегейлі өзгертеді, атап айтқанда:
1. Өтініш беруші «е-Өтініш» біртұтас ақпараттық жүйесі арқылы өз өтінішінің мемлекеттік органдарда қаралу барысын көріп отыруға мүмкіндік алады.
2. Өтініш беруші дәлелдер келтіру және оларды зерделеуге қатысу және түсініктеме беру, қажетті құжаттарды ұсыну құқығына ие болады.
3. Өтініш беруші мемлекеттік органнан алған жауабына қанағаттанбаса, оның жоғары сатыда тұрған органға шағым келтіруге, одан кейін шешім қабылдаған мемлекеттік органды талап арызбен сотқа беруге құқығы бар.
4. Азаматтар мен бизнес өкілдерінің талап арызын арнайы әкімшілік соттар мемлекеттік органдардың «кінәлілік презумпциясы» қағидаты бойынша қарайтын болады. Яғни өтініш беруші емес, мемлекеттік орган өзі қабылдаған шешімінің немесе берген жауабының дұрыстығын дәлелдеп, негіздейтін болады.
5. Сырғытпа жауап беру мен созбалаңға салу тек орындаушы қызметкердің емес, сонымен бірге бүкіл мемлекеттік органның жауапкершілігінің пәні болады.
6. Сынықты сылтау қылып, болмашы себептермен талап арыздарды кері қайтару тәжірибесін тоқтату үшін, сот өтініш берушілерге талап арызды дұрыс жазуға көмектесетін болады.
7. Судья «белсенді» және «сөйлеуші» болады, арызданушыға мүддесін қорғауда көмектеседі.
Жаңа ұстанымдарға сәйкес, азаматтардың өтініштерін қарау жүйесінің инфраструктурасы да өзгертілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Бас прокуратура мен Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрілігі «е-Өтініш» біртұтас ақпараттық жүйесін әзірлеп, қолданысқа енгізуде.
«е-Өтініш» – өтінішті қараудың бүкіл тарихы сақталатын біртұтас база, ол барлық мемлекеттік және сот органдарына, сонымен қатар өтініш берушілерге қолжетімді болады.
1-шілдеден бастап кезең-кезеңмен «е–Өтініш»-ке өту басталады, ол бойынша азаматтардың өтініштері мемлекеттік органдарға біртұтас ақпараттық жүйе арқылы түсетін болады. Адам өз өтінішінің қаралу барысын көріп отырады, өтініштерді қарау мерзімі 30-дан 15 күнге қысқартылады.