Абаттандыру бойынша жұмыс тобының отырысы

Абаттандыру бойынша жұмыс тобының отырысы

Бүгін қала әкімі Асхат Шахаров екі айлық тазалық аясында абаттандыру бойынша жұмыс тобының отырысын өткізді. Қала аумағында биыл бірнеше саябақтарды, скверлерді абаттандыру және жаңадан демалыс аймақтарын жасақтау жоспарлануда.

Отырыс барысында "Нұр Ақтөбе" шағын ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға қатысты туындаған мәселе де талқыланды. Аталған ауданда ҚТҚ шығару бойынша жұмысты «Clean City NC» ЖШС міндетіне алды. Қазір жаңа компания бір аптаның ішінде 2, 3, 4 аудандарды тазалап шықты. «Енді 1-шағын аудан қалып тұр. Ол жерден осы аптаның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтарды толық шығарамыз», - деді «Clean City NC» ЖШС өкілі.

Қала басшысы Астана және Алматы аудандарының әкімдерінен өз аумақтарындағы тазалық мәселесін қадағалауды талап етті: «Өздерің басқарып отырған аумақтарды санитарлық күтіп ұстау және қоқыс шығару мәселесіне тікелей жауапты боласыздар», - деді қала әкімі.

Айта кету керек, қазіргі уақытта Ақтөбе қаласының аумағынан жеке тұлғалардан қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметімен 5 ұйым айналысады: "NEO PLUS" ЖШС, "Ақжол ЛТД" ЖШС, "Таза Қарғалы" ЖК, "Азия-Комфорт и К" ЖШС және "Clean City NC"ЖШС.

Қала әкімі екі ауданның әкімдеріне аталған бес компаниямен бірге қоқыс контейнерлерін жаңарту бойынша жұмыстарды ыждағаттап жүргізуді тапсырды.