Біздің қаламызда қоғамдық көлік мәселесінің өзектілігі жоғары, бірінші кезекте бұл автобустардың жетіспеушілігі, жай-күйі, қызмет көрсету сапасы және басқа да мәселелер. Осы мәселелерді біртіндеп шешу үшін электронды төлем жүйесі енгізіледі. Аталған жоба Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды және басқа да қалаларда жұмыс істейді. 7 сәуірден бастап электронды билет жүйесі Ақтөбеде де кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Бүгінгі таңда төлемдерді қабылдауға арналған «Стационарлық» және «Мобильді» терминалдар қаланың 250 автобусына орнатылды Стационарлық терминалдар арқылы әрбір жолаушы жол ақысын көлік картасымен немесе мобильді қосымшамен төлейді. Мобильді терминал (валидатор) кондукторлардың немесе автобус жүргізушілерінің қолында болады.
Айта кету керек, мұндай жүйе дифференцияланған тариф енгізілгенге дейін қолданылады. Дифференциаланған тариф 15-ші мамырдан бастап енгізіледі: қоғамдық көлікте жол жүру ақысы қолма-қол ақшамен төлеген жағдайда 150 теңге, ал көлік карталарымен 80 теңгені құрайтын болады.
Бұл не үшін қажет? Электрондық төлем жүйесіне көшу жолаушылар тасымалы қызметін жақсартуға, жолаушылар ағынын, одан түсетін қаржыны бақылауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Avtobys мобильді қосымшасы бар, оны әрбір тұрғын өз смартфонына тегін жүктей алады. Ол арқылы картаның балансын тексеруге, QR code және Bluetooth арқылы жол жүру ақысын төлеуге және автобустың келе жатқан жерін көруге болады.
Көлік карталарын дайындаумен «Smart Avtobys Aqtobe» ЖШС компаниясы айналысады. Көлік карталарының барлығы 4 түрі бар. «Стандартты» картаны 80 теңге жол жүру ақысын төлейтін барлық азаматтарға «Vokk mobile» сауда желісінің сату нүктелерінен сатып алуға болады. «Жеңілдік» және «Әлеуметтік» карталар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығында тегін беріледі. «Оқушы» картасы 7 жастан 15 жасқа дейінгі балаларға арналған және ол оқу орнында беріледі.
Көлік карталарын сатып алу, кеңес алу, теңгерімді толтыру, картаны пайдалану және электрондық төлемге қатысты басқа да мәселелер бойынша «Smart Avtobys Aqtobe» ЖШС колл-орталығы сұрақтарға жауап береді. Телефоны: 8 (713) 252-51-01. Инстаграм: @smartkarta_aqtobe