«Ұлттық қор - балаларға»: қазақстандықтар тұрғын үйге және білім алуға 62,71млн АҚШ долларына жуық қаражат жұмсады

«Ұлттық қор - балаларға»: қазақстандықтар тұрғын үйге және білім алуға 62,71млн АҚШ долларына жуық қаражат жұмсады

2024 жылғы 1 ақпаннан 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін жалпы сомасы 62,71 млн АҚШ долларын құрайтын 333 809 өтініш қаражат иелерінің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға жіберілді.
Орындалған өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсартуға қатысты. Осы бағытта 216 060 өтініш бойынша 41,01 млн АҚШ долларынан астам қаражат аударылды. Ал білім алу ақысын төлеуге 117 749 өтініш орындалып, оған 21,69 млн АҚШ доллары жұмсалды.

Еске салайық, нысаналы жинақтардың (НЖ) алушысы өзіне тиесілі қаражатты толық немесе ішінара пайдалана алады. Пайдаланылмаған сома 10 жыл бойы нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) сақталады. Осы мерзім ішінде игерілмеген қаражат кейін алушының ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотына аударылады.
18 жасқа толмаған баланың бағдарламаға қатысуы туралы мәліметті ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері баланың ЖСН-ін енгізу арқылы kids.enpf.kz сайтынан, eGov.kz порталындағы жеке кабинеттен, сондай-ақ eGov Mobile және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларынан тексере алады.

Егер 2025 жылғы есептеулер бойынша баланың нысаналы талаптары көрсетілмесе, мобильді қосымшадағы құжаттарды жаңарту қажет.
eGov Mobile қосымшасында:
«Цифрлық құжаттар» → «Отбасы» → «Құжаттар тізімін жаңарту» → «Ұлттық қордан есептелген қаражат».
Kaspi.kz сияқты екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында:
«Мемлекеттік қызметтер» → «Барлық құжаттар» → «Құжаттар тізімін жаңарту» → «Ұлттық қордан есептелген қаражат».
Бағдарламаның шарттары, қаражатты пайдалану тәртібі, пайдалы нұсқаулықтар мен жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар kids.enpf.kz сайтында қолжетімді. Сондай-ақ тақырыпқа қатысты бейнетүсіндірмелер мен пайдалы кеңестерді БЖЗҚ YouTube арнасынан көре аласыз.