Биылғы жаңғырту жұмыстары өңірдегі 7 мектепті қамтып отыр.

Биылғы жаңғырту жұмыстары өңірдегі 7 мектепті қамтып отыр.

3,5 млрд теңгеден астам қаражатқа мектеп ғимараттарының шатырлары мен қасбеттері жөнделіп, инженерлік желілер жаңартылады, қауіпсіздік жүйелері күшейтіледі.  Сонымен қатар білім беру ұйымдары жаңа үлгідегі пәндік кабинеттер, заманауи жиһаздар, спорттық құрал-жабдықтар және жаңартылған кітапхана қорымен қамтамасыз етіледі. Жобаның тағы бір маңызды бағыты – Ақтөбе қаласындағы №5 орта мектепті жаңғырту. Білім беру ұйымының жылу және кәріз жүйелері жаңартылып, электр желілері толық ауыстырылады, ғимараттың қасбеті мен ішкі құрылымдары жөнделеді. Сонымен қатар 2027 жылға жоспарланған мектептерді жаңғырту жұмыстарының дайындық кезеңі басталып кетті. Биылғы бюджетті нақтылау барысында алты мектеп бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге және мемлекеттік сараптамадан өткізуге қаржы бөлінді. Қалған үш нысанның қажетті құжаттары әзір. Мамандардың айтуынша, реновация жобасының басты мақсаты – тек ғимараттарды жөндеу емес, ауыл мен қала мектептері арасындағы инфрақұрылымдық айырмашылықты азайтып, барлық оқушы үшін қауіпсіз, жайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру. Осылайша, 2027 жылдың аяғына дейін Ақтөбе облысындағы 24 мектептің кешенді жаңғыртылуы мыңдаған оқушының сапалы білім алуына мүмкіндік беріп, өңірдің білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.