
Ашық есік күні аясында ақтөбелік оқушылар қала әкімімен кездесті. Азамат Бекет болашақта мемлекеттік қызметші болғысы келетін оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, қызығушылық танытқандары үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, балалар қала әкімдігінің қызметімен және қала тазалығымен айналысушы коммуналдық ұйымдардың бірі «АТК қызмет» ЖШС-ның техникалық базасын көріп, жұмысымен танысты.
Қызылжар тұрғын алабының М.Мақатаев атындағы №73 мектебінің 11-ші сынып оқушылары жақында үлкен өмірге қадам басады. Сондықтан олар үшін болашақ мамандықты таңдау маңызды. Олар қала әкіміне сұрақтарын қойып, өз пікірлерімен бөлісті.
Оқушылардың ішінде болашақ инженерлер, сәулетшілер, ұшқыштар, полиция қызметкерлері, педагогтар, чемпиондар бар. Барлығы болашақта өз ісінің маманы болғысы келеді.
Олар қалалық әкімдік бөлімдерінің, азаматтарды қабылдау орталығының жұмысымен танысты.
Бұдан бөлек, қала әкімімен бірге оқушылар «АТК қызмет» ұйымының арнайы техникалар базасына барды. Оқушылар қала тазалығымен айналысып жүрген жұмысшылармен әңгімелесті. Көшелерді, саябақтарды жинайтын арнайы техникалардың жұмысын көрді.