
Қалалық Мәдениет үйінде өткен Астана ауданының тұрғындарымен кездесуден кейін Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет жеке сұрақтары бар тұрғындарды қабылдады.
Осыған дейінгі кездесу тұрғындармен кездесу былтырғы жылдың қараша айында өткен болатын. Бұл жолы да тұрғын алаптарға жол салу, инженерлік желілер тарту, автобустарды жаңарту, амбулатория, мектеп санын көбейту сияқты елді мекендерге ортақ мәселелер қозғалды.
Алдымен Астана ауданының әкімі Баянбек Қырықбаев өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, биылғы жоспарларымен бөлісті. Барлық салаға жіті тоқталды.
Кездесу соңында тұрғындардың сұрақтарына жауап берілді. Одан бөлек 22 тұрғын жеке мәселелері бойынша қала әкімінің қабылдауында болды.
Қабылдау қорытындысы бойынша қала әкімі бөлім басшылары мен жауапты тұлғаларға әрбір өтінішті жан-жақты зерделеуді және көтерілген мәселелерді қолданыстағы заңнама шеңберінде шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, жеке мәселелер бойынша қала әкімінің қабылдауына жазылу алдын ала, тұрақты негізде жүзеге асырылады. Тұрғындар egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе Ы.Алтынсарин көшесі, 2 мекенжайына келіп жазбаша өтініш қалдыру арқылы жазыла алады.