🔹Ақтөбеде Астана ауданының тұрғындарымен кездесу өтті

🔹Ақтөбеде Астана ауданының тұрғындарымен кездесу өтті

Қалалық Мәдениет үйінде Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекеттің Астана ауданының тұрғындарымен кездесуі өтті.

Осыған дейінгі кездесу өткен жылдың қараша айында өткен болатын. Бұл жолы да тұрғын алаптарға жол салу, инженерлік желілер тарту, автобустарды жаңарту, амбулатория, мектеп санын көбейту сияқты елді мекендерге ортақ мәселелер қозғалды.

Алдымен Астана ауданының әкімі Баянбек Қырықбаев өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, биылғы жоспарларымен бөлісті. Барлық салаға жіті тоқталды. Инженерлік желілер тартуға қатысты туындаған сұрақтарға жауап берді.

«Инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымға келетін болсақ, Астана ауданы бойынша Сазды-3 тұрғын алабын газбен және электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстары биыл жалғасын табады.
Парасат тұрғын алабын электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша жоба дайын, сараптамадан өтіп, алдағы уақытта қаржыландыруға байланысты іске асырылады.
Парасат және Думан тұрғын алаптарына 2025 жылдың соңында ауызсу жеткізілді. Ал Жаңақоныс-5 тұрғын алабын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады.
Жаңақоныс-4 және Оңтүстік Батыс-2 тұрғын алаптарында қосымша берілген жер телімдерінде жарықтандыру жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қоса, Құршасай, Богословка тас жолдары, Абай көшесінен Едіге батыр көшесіне шығатын жол және Облыстық ауруханадан Батыс айналма жолына шығатын жол жарықтандырылды», - деп атап өтті Баянбек Қырықбаев.

Астана ауданының аумағында автомобиль жолдарын асфальттаумен қатар, қара жолдарға қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, 2025 жылы Астана ауданы аумағында тұрғындардың өтініштеріне сәйкес 130 шақырым қиыршық тас төселді. Оның ішінде Оңтүстік-Батыс-2, Сазды-1, Сазды-2, Байқадам, Таңшолпан, Көкжиде, Думан, Парасат, Жаңақоныс-1, Жаңақоныс-2, Сулутөр, Арман тұрғын алаптары және Строитель-2 бау-бақша ұжымы қамтылды. Енді биыл Астана аудан аумағында 40 шақырымға қиыршық тас төсеу жоспарлануда. Бірінші кезекте, әлеуметтік нысандар: мектеп, балабақша, медпункт жолдары қамтылады. Одан бөлек, тұрғындардың өтініштеріне сәйкес қара жолдарды қалпына келтіру жұмыстары атқарылады.

Аудан әкімі абаттандыру жұмыстарына да тоқталды. Соңғы екі жылда Астана ауданы бойынша 35 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолдары төселді. Биыл да бұл жұмыс жалғасып, Астана ауданында 11 мың шаршы метрге түрлі-түсті брусчатка төсеу және 1000 метр жаяу жолдарды қайта төсеу жоспары бар.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында да Астана ауданында көптеген жобалар жүзеге асып, балалардың ойын алаңдары, спорттық алаңдар салынды. Ал биыл 57 жоба жоспарға алынды. Сонымен қатар биыл қала бойынша абаттандырылатын 26 қоғамдық кеңістіктің 22-сі осы Астана ауданының аумағында орналасқан.

Кездесу соңында тұрғындардың сұрақтарына жауап берілді. Одан бөлек 22 тұрғын жеке мәселелері бойынша қала әкімінің қабылдауында болды.