🔹Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет Индонезияның Қазақстандағы Елшісімен кездесті

🔹Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет Индонезияның Қазақстандағы Елшісімен кездесті

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет Индонезия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохамад Фаджрул Рахманды қабылдады. Кездесуге Индонезия елшілігінің өкілдері, қала әкімінің орынбасары Қайрат Қуантайұлы, Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібеков, Кәсіпкерлер палатасының өкілдері, сондай-ақ қалалық бөлім басшылары қатысты.

Кездесу барысында тараптар өңірлік деңгейдегі сауда, инвестиция, іскерлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды нығайтуға баса назар аудара отырып, екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Азамат Бекет мемлекетаралық қатынастарды нығайтуға үлес қосудың маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде Елші қазақстандық-индонезиялық сауда-экономикалық әріптестіктің оң динамикасын тілге тиек етті. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 300 млн АҚШ долларына жетті.

Қазақстан мен Индонезия арасындағы ынтымақтастық 1993 жылы дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған сәттен бастап қарқынды дамып келеді. Индонезия – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі болса, Қазақстан Индонезия үшін Орталық Азиядағы маңызды стратегиялық әріптес болып табылады. Бүгінде саяси, энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимыл табысты жолға қойылған.

Кездесу соңында тараптар байланыстарды одан әрі тереңдетуге және тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.