
Геолог Мәдениет үйінде Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекеттің Алматы ауданының тұрғындарымен кездесуі өтті.
Осыған дейінгі кездесу 2025 жылдың қараша айында өткен болатын. Бұл жолы да тұрғын алаптарға жол салу, инженерлік желілер тарту, автобустарды жаңарту, амбулатория, мектеп санын көбейту сияқты елді мекендерге ортақ мәселелер қозғалды.
Алдымен Алматы ауданының әкімі Рүстем Өтешов өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, биылғы жоспарларымен бөлісті. Барлық салаға жіті тоқталды. Инженерлік желілер тартуға қатысты туындаған сұрақтарға жауап берді.
«Ақжар тас жолынан бастап Өрлеу тұрғын алабына дейінгі жол жарықтандырылды. Жаңа ауыл-1, Ақжар плюс, Рауан-2 тұрғын алаптарына электржелілері, Жаңа ауыл-1, Рауан-2 тұрғын алаптарына газ желілерін жүргізу жұмыстары толықтай аяқталып, қазіргі таңда іске қосылды.
Шилісай тұрғын алабына су желісі тартылды, алдағы көктемде құбырларда сынақ жұмыстары жүргізілген соң ауыз су беріледі.
Шығыс және Көктем тұрғын алаптарында, Фестивальная және Энергетиков көшелерінде су желісінің құрылысын жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжат дайын. Жоба сараптаманың оң қорытындысы алды.
Ал Ақжар плюс, Ақшат-2 және Ақшат-3 алаптарына су желілерін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.
Сол сияқты, Жаңа ауыл-3 тұрғын алабына электр желісін және көгілдір отын тарту үшін, ал Сарбазға газ желісінің құрылысына арналған жоба әзірленіп жатыр», - деп атап өтті Рүстем Өтешов.
Алматы ауданының аумағында автомобиль жолдарын асфальттаумен қатар, қара жолдарға қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, 2025 жылы Алматы ауданы аумағында тұрғындардың өтініштеріне сәйкес 140 шақырым қиыршық тас төселді. Оның ішінде Қызылжар-2, К.Нокин, Украинка, Шилісай, Бекқұл баба-1, 2, Рауан, Шығыс, Заречный-2, 3, 4, Қарғалы, Ақжар-1, Ақжар плюс, Мағаджан, Қурайлы, қалалық сүт зауыты (ГМЗ) тұрғын алаптары толықтай қамтылды. Енді биыл Алматы аудан аумағында 33 шақырымға қиыршық тас төсеу жоспарлануда. Бірінші кезекте, әлеуметтік нысандар: мектеп, балабақша, медпункт жолдары қамтылады. Одан бөлек, тұрғындардың өтініштеріне сәйкес қара жолдарды қалпына келтіру жұмыстары атқарылатындығын хабарлайды.
Аудан әкімі абаттандыру жұмыстарына да тоқталды. Өткен жазда қаланың ескі бөлігі мен Құрмыш ауданының бірқатар көшелеріне түрлі-түсті брусчатка төселді. Бұл жұмыстар Кереев, Шернияз, Некрасов, Ломоносов, Жанқожа батыр, Уалиханов көшелерін қамтып, 10356 шаршы метр жаяу жол төселді. Биыл да бұл жұмыс жалғасып, Алматы ауданында 11088 шаршы метрге тротуар төсеу жоспары бар.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында өткен жылы Алматы ауданында 25 жоба жүзеге асып, балалардың ойын алаңдары, спорттық алаңдар салынды. Ал биыл 21 жоба жоспарға алынды.
Кездесу соңында тұрғындардың сұрақтарына жауап берілді. Одан бөлек 35 тұрғын жеке мәселелері бойынша қала әкімінің қабылдауында болды.