Тұрғын үй көмегін қалай алуға болады

Тұрғын үй көмегін қалай алуға болады
Тұрғын үйге, коммуналдық қызметтерге және тұрғын үйді жалға алуға арналған шығыстар (егер ол мемлекеттік тұрғын үй қорынан алынған болса) жергілікті мәслихаттар белгілеген отбасының жиынтық табысына шығыстардың шекті жол берілетін деңгейі 5 пайыз мөлшері үлесінен асып кетсе, аз қамтылған азаматтарға және жиынтық табысы төмен отбасыларға тұрғын үй көмегі көрсетіледі.
Тұрғын үй көмегін алудың шарттары:
1. Тiркеу және тұру: көмек тек тұрақты тiркелген және нақты тұрған жерi бойынша ғана көрсетiледi.
2. Жалғыз тұрғын үй: көмек тек бір тұрғын үй-жайға беріледі. Азаматтар өздерінің жалғыз тұрғын үйінде тұруы немесе оны мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға алуы тиіс.
3. Табыстарды есепке алу: Отбасының табысы өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсан бойынша есептеледі. Кірістің барлық түрі есепке алынады: жалақы, жәрдемақы, алимент, бизнестен түсетін кіріс, жалға алу, бағалы қағаздар, сыйға тарту және т.б.тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларында көрсетілгендерді қоспағанда (Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығы).
4. Тағайындау кезеңі: Тұрғын үй көмегі бір тоқсанға (3 айға) тағайындалады. Осы мерзім аяқталған соң қайтадан өтініш беріп, табыс пен шығынды растап отыру қажет. Мемлекеттік қызметті қайта алу мүмкіндігі қарастырылған.
Тұрғын үй көмегін тағайындауға қалай өтініш беруге болады?
Өтініш беру екі тәсілмен жүзеге асырылуы мүмкін:
1. eGov.kz порталы арқылы (қызмет «Тұрғын үй көмегін тағайындау» деп аталады).
2. Тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) жеке өзі.
Электрондық беру кезінде өтінімге электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қойылуы тиіс.
Өтінімді тіркеу үшін мыналар қажет:
1) бірнеше жылжымайтын мүлкінің болуы туралы деректердің болмауы;
2) отбасындағы кәмелет жасына толған мүшелерінің келісімі.
3) берілген түбіртектерге сәйкес өткен тоқсандағы нақты шығыстар бойынша деректерді енгізу және растайтын құжаттарды енгізу қажет.
Тұрғын үй көмегін рәсімдеу үшін қандай құжаттар қажет?
• Жеке куәлік;
• Өтініш берер алдындағы тоқсанға отбасының табысын растайтын құжаттар;
• алдыңғы тоқсандағы коммуналдық төлемдер (жылыту, су, жарық, газ және басқалар), сондай-ақ тұрғын үйді күтіп ұстау және күрделі жөндеуге төленген түбіртектер;
• Байланыс қызметтері үшін (телефон және т.б.) түбіртек немесе келісімшарт;
• Егер баспана мемлекеттік қордан жалға алынған болса – жалға алу шарты және төлем мөлшері көрсетілген құжат;
• Банктік есепшот нөмері (IBAN).