🔹 «Жаңа идея — жайлы қала» байқауы: Азамат Бекет студенттер арасындағы жеңімпаздарды марапаттады

🔹 «Жаңа идея — жайлы қала» байқауы: Азамат Бекет студенттер арасындағы жеңімпаздарды марапаттады

Ақтөбеде қала әкімдігі бастамашылық еткен «Жаңа идея — жайлы қала» студенттік жобалар байқауы қорытындыланды. Қала әкімі Азамат Бекет жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттап, жастардың қалалық ортаны дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

«Біз Ақтөбені абаттандыру жұмыстарына талантты жастарды белсенді түрде тартып жатырмыз. Олардың тың идеялары мен жаңашыл көзқарастарын қолдау мақсатында өткен жылы студенттер арасында эскиздік жобалар байқауын жариялаған болатынбыз. Жеңімпаздардың жобалары қала аумағын одан әрі абаттандыру кезінде міндетті түрде негізге алынады», — деп атап өтті Азамат Бекет.

Байқау бір жарым айға созылды. 25 желтоқсанға дейін Қ. Жұбанов және С. Баишев атындағы университет студенттері инфрақұрылымды дамыту және қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыру бойынша өз тұжырымдамаларын ұсынды. Жалпы жобаға 15 студент қатысып, 13 жоба қорғалды.

Байқауға “BDKAIR” компаниясы демеуші болып, жеңімпаздарға қаржылай жүлде тарту етті. Байқау екі негізгі бағыт бойынша өткізілді:

1-бағыт: Әкімдік ұсынған аумақтардағы бос жатқан учаскелерді абаттандыру (скверлер, аллеялар, саябақтар, рекреациялық аймақтар).
* 1-орын: Юлия Романенко — 1 000 000 теңге сыйақы;
* 2-орын: Перизат Мұхитқызы мен Айша Нұрмұхамедова — 500 000 теңге сыйақы;
* 3-орын: Альбина Адаева мен Іңкәр Сайлау — 300 000 теңге сыйақы.

2-бағыт: Қатысушылар өз бетінше таңдаған қолданыстағы қоғамдық кеңістіктерді (аллеялар, скверлер, шағын сәулет нысандары мен демалыс орындары) жаңғырту және жақсарту.
* 1-орын: Санжар Мәжитова мен Назым Зинедина — 500 000 теңге сыйақы;
* 2-орын: Райгүл Газизова — 300 000 теңге сыйақы;
* 3-орын: Динара Әлиева мен Аяулым Сержанқызы — 200 000 теңге сыйақы.

Байқауға қатысу студенттер үшін урбанистика және ландшафттық дизайн саласында өздерін танытуға үлкен мүмкіндік берді.

«Біз жайлы қалалық ортаны қалыптастыру жастардан басталатынына сенімдіміз. Мұндай бастамаларды қолдау арқылы біз болашақ мамандардың әлеуетін ашуға көмектесеміз. Біздің міндетіміз — оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, туған қаламыздың игілігі үшін таланттарын іске асыруға қолдау көрсету», — деп түйіндеді ұйымдастырушылар.

«Жаңа идея — жайлы қала» байқауы барлық тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі тартымды Ақтөбе қаласын құру жолындағы маңызды қадам болды.