
Ақтөбеде қала әкімі Азамат Бекеттің су және энергетикалық ресурстарды басқару саласындағы әлемдік көшбасшы — француздық «Veolia» компаниясының делегациясымен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесуге «Veolia» компаниясының Кавказ және Орталық Азия елдері бойынша аймақтық директоры Леонид Локшин, Орталық Азия елдеріндегі даму жөніндегі аймақтық директоры Шаен Бутолия, қала әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бисембин, сондай-ақ бейінді ұйымдар - «Aqtobe Su Energy» АҚ және «Ақтөбе ЖЭО» коммуналдық кәсіпорындарының басшылары Нағымжан Алдияров пен Бахтияр Ізбасаров қатысты.
Келіссөздер Парижде өткен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 16-шы отырысы аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы болды. Тараптар Ақтөбе қаласының сумен жабдықтау және орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру мәселелерін талқылады.
Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында су құбыры желілерінің тозуы — 60%-ды, жылу желілері — 58%-ды, ал кәріз желілері — 80%-ды құрайды. Бүгінгі таңда бұл нысандардың барлығы жаңғыртуды қажет етеді.
«Veolia» компаниясымен серіктестік инфрақұрылымды жаңарту кезінде консультациялық қолдау алуды және энергия тиімділігінің озық стандарттарын енгізуді көздейді. Компанияның жұмыс тобы «Aqtobe su-energy group» АҚ желілерінің жай-күйін зерделеуге кіріседі.