🔹Электробустар және жаңа автобустар: биыл Ақтөбедегі қоғамдық көлік қалай өзгереді

🔹Электробустар және жаңа автобустар: биыл Ақтөбедегі қоғамдық көлік қалай өзгереді

Қала әкімі Азамат Бекет қоғамдық көлік саласын дамыту мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Талқылауға тасымалдаушы компаниялардың басшылары, Астана және Алматы аудандарының әкімдері, қала әкімінің орынбасары және ТҮКШ (Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы) бөлімінің мамандары қатысты. Кездесудің басты тақырыбы – биыл автобус паркін жаңарту жоспарлары және тұрғындардың қызмет көрсету сапасына қатысты шағымдары болды.

Жиын барысында қала басшысы тұрғындардан түскен шағымдарға сүйене отырып, көлік компанияларына бірқатар ескертулер айтты.

«Тұрғындардан автобустар суық, жүргізушілер дөрекілік танытады, аялдамаларға тоқтамай өтіп кетеді, салондарда тазалық сақталмайды деген шағымдар түсуде. Жағдайдың жақсарып, жаңа автобустар алынып жатқанын көріп отырмыз, бірақ жүйелі түзетуді қажет ететін кемшіліктер әлі де бар. Егер автобустың жылыту жүйесі жұмыс істемесе немесе іші таза болмаса, тұрғындардың сыны әбден орынды. Біздің басты талабымыз – сапалы қызмет көрсету. Бұл сіздердің негізгі міндеттеріңіз болуы тиіс», – деп атап өтті Азамат Бекет.

Бүгінгі таңда Ақтөбеде жолаушылар тасымалын 46 бағыт бойынша 6 компания жүзеге асырады: «Qala trans», «Автопарк», «Ақжайық», «Қызмет Ақтөбе», «РТТ групп» және қаңтар айында жұмысын бастаған жаңа «ТКЖТК» ЖШС. Күн сайын желіге 355-357 автобус шығады.

Автобустарды ауқымды жаңарту жұмыстары жалғасуда. 2025 жылы 55 техника сатып алынғанды. Енді компаниялар биылғы жылға арналған жоспарларын таныстырды:

* «Автопарк» ЖШС: 80 жаңа автобус жеткізуді жоспарлап отыр (30 бірлік сәуірде және 50-і жыл соңына дейін).
* «Qala trans» ЖШС: наурыз айында 37 жаңа электробусты қолданысқа береді. 11 көлік қалада, қалған 26-сы 25 ақпанға дейін келеді. Олар №48 және №8А бағыттарындағы көліктерді алмастырады. Сондай-ақ №45, №10 және №32 бағыттарын жаңарту жоспарлануда.
* «РТТ групп» ЖШС: жыл басында №29 бағыт үшін 8 электробус сатып алынды. Олар «Энергосистема» ЖШС-нен рұқсат алынған бойда іске қосылады (осы ақпан айында). Сонымен қатар №47 бағыттың автобустарын жаңарту және №39 бағытқа жаңа автобустар алу көзделуде.
* «ТКЖТК» ЖШС: қаңтар айында №8 және №23 бағыттарға 21 жаңа автобус шығарды.
* «Ақжайық» ЖШС: осы жылы 26 жаңа автобус келеді деп күтілуде.

Жұмыс отырысы қорытындысы бойынша қала әкімі ТҮКШ бөліміне қозғалыс кестесінің қатаң сақталуы мен қоғамдық көліктің санитарлық жағдайына бақылауды күшейтуді тапсырды.