
Қала әкімі Азамат Бекет азаматтарды кезекті жеке қабылдау өткізді. Қабылдау барысында тұрғындардың әлеуметтік маңызы бар жеке сұрақтары ғана емес, қаламызға ортақ инфрақұрылымдық мәселелер де тыңдалды.
Оның ішінде №13 бағыттағы автобустардың жұмыс сапасы мен қозғалыс кестесіне ескерту жасаған зейнеткердің өтініші қаралды. Қазіргі уақытта бұл желіде «Автопарк» ЖШС-нің 5 автобусы жұмыс істейді. Кәсіпорын директоры Ақарыс Тілеулесов қозғалыс аралығы 15–20 минутты құрайтынын түсіндіріп, осы шағым бойынша жүргізушілердің жұмысына тексеру жүргізуге және тиісті шаралар қабылдауға уәде берді.
Сондай-ақ қабылдау кезінде қоғамдық ұйымдардың бастамалары, соның ішінде Ауған соғысы ардагерлерін қолдау, баспана және жер учаскелерін беру мәселелері қарастырылды.
Жеке қабылдауға барлығы 16 тұрғын жүгінді. Олардың қатарында жеке құрылыс салушылардан өз пәтерлерін ала алмай отырған проблемалық нысандардың үлескерлері, емделуге қаржылай көмекке мұқтаж азаматтар, сондай-ақ жұмысқа орналасу мен кәсіпкерлікті дамытуға қолдау сұраған тұрғындар бар. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерінен: зейнеткерлерден, жалғызбасты аналардан және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша бірқатар өтініштер түсті.
Қабылдау қорытындысы бойынша қала әкімі бөлім басшылары мен жауапты тұлғаларға әрбір өтінішті жан-жақты зерделеуді және көтерілген мәселелерді қолданыстағы заңнама шеңберінде шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.