Қала әкімі Азамат Бекет ақтөбеліктермен бірге 1 қаңтардың дәстүрлі таңғы жүгіруіне қатысты

Қала әкімі Азамат Бекет ақтөбеліктермен бірге 1 қаңтардың дәстүрлі таңғы жүгіруіне қатысты

Жаңа жылдың алғашқы күнінде, қалыптасқан көпжылдық дәстүр бойынша қала әкімі Азамат Бекет спорт сүйер қауыммен бірге Триатлон саябағында таңғы жүгіруге шықты.

Осымен он жыл қатарынан ондаған ақтөбелік 1 қаңтар таңын жүгірумен қарсы алып келеді. Он жыл ішінде бұл шара қаланың түрлі тұрғындарын — мемлекеттік қызметшілерді, кәсіпкерлерді, жастарды және тұтас отбасыларды біріктіретін игі дәстүрге айналды. Мұнда жас та, қарт та мәре сызығынан табылды.

Биылғы жүгіру ерекше көтеріңкі көңіл-күйде өтіп, 300-ден астам қатысушының басын қосты. Қашықтық бойынша ешқандай шектеу қойылмады, өйткені бұл жылдамдыққа арналған жарыс емес, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шара. Басты мақсат — мәреге бірінші келу емес, стартқа шығып, белсенділік таныту. Алдын ала тіркелген барлық жүгірушілерге естелік медальдар табыс етілді. Қала басшысы да қатысушылармен бірге қашықтықты жүгіріп өтіп, арнайы медальмен марапатталды.

«Жаңа жылдың бірінші күні таңертең жүгіру — бұл ақтөбеліктердің өздері көп жылдар бойы қалыптастырған дәстүрі. Мен жыл сайын қала тұрғындарымен бірге жүгіруге қуана келемін. Мұнда біз спортты және өз қаласын шын жүректен жақсы көретін ашық, позитивті жандармен кездесіп, емен-жарқын пікірлесеміз. Бұл бір керемет әсер береді, жаңа жылда жұмыс бастауға тың серпін береді. Салауатты өмір салтын және бұқаралық спортты насихаттап жүрген жандарға алғысым шексіз. Қатарымыз жылдан жылға артып келе жатқаны қуантады», — деді Азамат Бекет.