Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде жылды қорытындылауға арналған «Жыл үздігі» дәстүрлі шарасы өтті.

Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде жылды қорытындылауға арналған «Жыл үздігі» дәстүрлі шарасы өтті.

Оған қала әкімі Азамат Бекет, ардагерлер, депутаттар, қоғамдық ұйымдар өкілдері, әр саланың қызметкерлері қатысты.

Әр салада табанды еңбегімен танылған жандарға «Жыл үздігі» марапаты табысталды. «Жыл үздіктерінің» арасында құрылысшылар, жол саласының мамандары, көше тазалаушылар, электрші дәнекерлеуші, құтқарушы, тәртіп сақшысы, қайырымды меценат, үздік кәсіпкер, озық демеуші бар. Олар өз салаларында төзімділік танытып, ізденіс пен үздіксіз еңбектің жарқын үлгісін көрсете білді.

Сонымен қатар, осы шарада «Ақтөбе қаласының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі жол жұмысшысы Берікбай Изматовқа, 20 мыңнан астам күрделі ота жасаған хирург дәрігер Мақсат Оразжановқа және биыл 19 қылмыстық істі ашқан, әкімшілік құқық бұзудың 480 фактісін анықтаған учаскелік инспектор Нұрбек Жүгінісовке табысталды.

Жылдың үздіктерін қала әкімі Азамат Бекет құттықтады, еңбектері үшін алғыс айтты.

«Дана халқымызда «Ел мерейі – ер мерейі» деген сөз бар. Бұл – елдің абыройы мен беделі адал еңбек еткен азаматтардың арқасында қалыптасатынын білдіреді.

Биыл біз шаһарымызды абаттандыру, жол құрылысы, қоғамдық кеңістіктер салу, инфрақұрылым желілерін жүргізу жұмыстарына ерекше мән бердік.

Биыл жол жұмыстары саласында 42 жоба жүзеге асты. Оның ішінде ірі жол құрылыстары, реконструкция, көпірлер құрылысы бар. Бірнеше елді мекендердің көше жолдары, бірқатар тұрғын алаптың кіреберістері, мектепке жолдары жасалды.

15-тен астам аллеялар мен скверлер демеушілердің көмегімен абаттандырылды. Алдағы жылға тағы да 20-ға жуық қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жоспарымыз бар.

Ақтөбе - халқының саны 600 мың тұрғыннан асып, аумағы кеңейіп келе жатқан шаһар. Қалада 15-тей шағын аудандар, 54 тұрғын алап бар. Жаңа тұрғын алаптарға газ, су, электр желілері тартылып жатыр. Бұл салада да бірнеше жыл шешімін таппаған мәселелердің болғаны рас. Біріккен жұмыстың арқасында қазіргі уақытта ұзаққа созылған инженерлік желілер құрылыстары аяқталу сатысында.

Осы жұмыстардың бәрінде де қарапайым еңбек адамдарының орасан зор үлесі бар. Бүгін біз 2025 жылды қорытындылай отырып, әр салада табанды еңбек етіп, жоғары кәсібилігімен, жауапкершілігімен және халыққа көрсеткен сапалы қызметімен ерекшеленген азаматтарға «Жыл үздігі – 2025» номинациясын табыстадық. Оларға адал еңбектері үшін шынайы алғысымды білдіремін», - деді Азамат Бекет.