Қала әкімі көпбалалы аналарға "Алтын алқа" марапатын табыстады

Қала әкімі көпбалалы аналарға "Алтын алқа" марапатын табыстады

Жаңа жыл қарсаңында 20 көп балалы анаға қала әкімі Азамат Бекет Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен бекітілген “Алтын алқа” алқаларын табыстады.

Қалалық әкімдікте өткен салтанатты шараға 7 балалы аналар мен әкелер келді. Оларға “Алтын алқа” наградалары және қала әкімінің жаңажылдық сый-сияпаты табысталды.

«Алдымен сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл ырыс несібесін ала келсін!
Кез келген мемлекеттің болашағы – саналы ұрпақ. Бүгінгі бала – өз Отанының дамуына үлес қосатын елдің ертеңгі азаматы. Көпбалалы ана – бұл мемлекеттің алтын діңгегі.
Бүгінгі күні қаламызда 1280 «Алтын алқа», 2484 «Күміс алқа» иегері, 155 «Батыр ана», 16270 көпбалалы отбасылар бар. Солардың қатары бүгін өздеріңізбен толығып отыр. Бұл - отбасылық тұрақтылық пен дәстүрді нығайтуға, жас ұрпақты тәрбиелеудегі ата-ананың сіңірген еңбегіне бағытталған марапат», - деді Азамат Бекет.

Марапатталғандардың арасында жасы 73-ке келген Күләш Иманбаева да болды. Ол балаларының құжатын жоғалтып, кеңес заманында «Алтын алқаға» лайық екенін дәлелдей алмағанын айтып, еңбегі кеш те болса, заңды түрде еленгеніне алғысын жеткізді.

Бұдан соң аналар мен әкелер бірін-бірі марапаттарымен құттықтады, естелік суретке түсті.