
Қабылдауға келген 30 тұрғын баспана алуға, баласының оқуын төлеуге, денсаулығын емдетуге, жұмысқа орналасуға қолдау, материалдық, демеушілік көмек көрсету туралы өтініштерін айтып келді.
Мәселелерімен жүгінген тұрғындарға бөлім басшылары, мамандар кеңесі берілді.
Жеке сұрақтардан өзге елді мекенге, қалаға ортақ мәселелерді көтеріп келген тұрғындар да болды.
Олардың бірі ескі қала тұрғыны Нұрлан Қонақбаев биыл ескі қалада басталған тротуарлар төсеу, жаяу жолдарды жаңғырту жұмыстары бойынша ұсынысын айтты, келесі жылы да жалғасуын құптайтын тілегін жеткізді.
Еске салсақ, биыл Кереев, Шернияз, Некрасов, Ломоносов, Жанқожа батыр, Уәлиханов көшелерінде және автовокзал аумағында жаяу жолдар төселді. 13 мың шаршы метрге жуық түрлі-түсті брусчатка төселді. Қала әкімі ескі қаланың келбетін келтірген бұл жұмыстарды келесі жылы да жалғастыру жоспарда бар екенін жеткізді.
Ал қала тұрғыны Базарбай Асқаров қаланың орталық көшелеріндегі жаяу жолдарды жаңалау, абаттандыру бойынша ұсыныс-тілегін жеткізді. Қаланың орталық көшелеріне де биыл 14 мың шаршы метрге жуық тротуар төселді. Жұмыстарды жалғастыру жоспары талқылануда.
Ақжар плюс тұрғын алабына ауыз су тарту мәселесін елді мекен тұрғыны Жомарт Қартбаев айтып келді. Қазіргі таңда Ақжар плюс аумағында жерасты су қорын табу мақсатында жүргізілген барлау жұмыстары нәтижелі аяқталды. Су қоры анықталды. Енді оны тарту үшін шамамен 670 уаскеге жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтаумен жобалаушы ұйым «Инженерное проектирование» ЖШС айналысуда.
Азаматтарды қабылдау соңында қала әкімі әрбір өтініш бойынша тиісті органдарға нақты тапсырмалар беріп, орындалуын жеке бақылауына алды.
Естеріңізге сала кетейік, жеке мәселелер бойынша қала әкімінің қабылдауына жазылу алдын ала, тұрақты негізде жүзеге асырылады. Тұрғындар egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе Ы.Алтынсарин көшесі, 2 мекенжайына келіп жазбаша өтініш қалдыру арқылы жазыла алады.