
Ақтөбенің шалғай тұрғын алаптарында қыс айларында қар тазарту үшін жол-падалану пункттері құрылды. Бұл күн қатты боранда арнайы техниканың елді мекенде кезекшілікте болуын қамтамасыз етеді.
Жеті пункттің бірі Жаңақоныс-2 тұрғын алабының аумағында орналасқан. Бүгін қала әкімі Азамат Бекет жол-пайдалану пункттерінің жұмысын көрді.
«Қаладан техника жетемін дегенше бұрқасында жолды қар басып тастайды. Сондықтан біз мердігер ұйымдардан қыс айларында шалғай елді мекендерде техника базасын құруды талап еттік. Жол-пайдалану пункттері тұрғындармен, қоғамдық көлік тасымалдаушы компаниялармен байланыста болулары тиіс», - деді Азамат Бекет.
Жаңақоныс-2, Жаңақоныс-3, Жаңақоныс-4, Жаңақоныс-5 тұрғын алаптарының жолдарын қыста қардан тазартуды «ЗапКазПромСтрой» ЖШС міндетіне алды.
«Біз жол-пайдалану пунктінің екеуін құрдық. МДК, щеткасы 3 трактор, шнекоротор, тиегіш және 3 бірлік самосвал осы Жаңақоныс-2 елді мекеніндегі базамызда тұр. Ал Шестихаткадағы базамызға біз көктайғақта қолданатын инертті материалдарымызды апардық. Қатты борандарда біз қосымша техникалар, екінші бригадамызды шығарамыз. Бірінші кезекте автобус жүретін жолдарды қардан тазартамыз, екінші деңгейлі көшелерге содан кейін кірісеміз. Тұрғындармен байланыс бар», - деді «ЗапКазПромСтрой» ЖШС директоры Ануар Алтынбаев.