Думан және Парасат тұрғын алаптарына су тарту жұмыстары аяқталу сатысында

Думан және Парасат тұрғын алаптарына су тарту жұмыстары аяқталу сатысында

Ақтөбеде жаңа тұрғын алаптарды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Қазіргі уақытта Тамды су алу торабынан Думан және Парасат тұрғын алаптарына су құбырын тарту жобасының негізгі кезеңі аяқталуда.

Жұмыстардың барысын, сондай-ақ мердігер ұйым салған жаңа насос станцияларын қала әкімі Азамат Бекет барып көрді.

«Қазіргі уақытта біз Думан және Парасат тұрғын алаптарын сумен қамтамасыз ету жұмыстарын аяқтап жатырмыз. Су құбыры Тамды су алу торабынан бастау алады. Біз 8 шақырымға диаметрі 250 мм болатын су құбырын тарттық. Сондай-ақ Тамды су алу торабында жаңа насос станциясы салынды. Думан тұрғын алабында насос станциясы және әрқайсысы 500 текше метрлік екі резервуар (біреуі резервтік, біреуі тұрақты) салынды. Парасатта да жаңа насос станциясы және әрқайсысы 1200 текше метрлік екі резервуар орнатылған», — деп түсіндірді «Esentai Holding» ЖШС бас инженері Аслан Кумусбаев.

Оның айтуынша, Думан тұрғын алабында мың участок үшін 54 шақырым құбыр, ал Парасатта 3,5 мың участок үшін 155 шақырым құбыр төселген. Су Тамды су алу торабынан Думанға келіп, одан әрі насостар арқылы Парасатқа барады.

«Думанда қазір барлық жұмыстар аяқталу сатысында. Қазіргі уақытта алаң ішіндегі құбырларды дезинфекциялау жүргізілуде. Дезинфекциядан кейін біз құбырларды жуамыз және одан әрі нысанды тапсырыс берушіге тапсырамыз», — деп толықтырды Аслан Кумусбаев.

Қала әкімі Азамат Бекет жобаның тұрғындар үшін ерекше маңыздылығын атап өтті: «Думанда 1000 учаске бар, 150-ге жуық үй салынған болса, оның 120-сында отбасылар тұрып жатыр. Парасатта 3600 участок бар, әзірге бір ғана отбасы тұрады, дегенмен тұрғындар үй салуды жалғастыруда. Думан тұрғын алабының тұрғындары ауыз судың келуін күтіп отыр. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін тұрғындарға хабарлап, құжаттарды ресімдеуге және үйлерді орталық жүйеге қосуға көмек көрсету қажет».