Ақтөбелік кәсіпкерлер қала әкімінің демеушілік институтын қалыптастыру туралы ұсынысын қолдады

Ақтөбелік кәсіпкерлер қала әкімінің демеушілік институтын қалыптастыру туралы ұсынысын қолдады

Биыл Ақтөбе қаласында демеуші болған кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорындардың көмегімен 15-тен астам қоғамдық кеңістіктер абаттандырылды.

Соның бірі М.Мәметова көшесінің бойындағы бос жатқан 30 соток учаске еді. Бұл жерді ақтөбелік кәсіпкер қала әкімінің ұсынысын қабылдап, шағын аллеяға айналдырып абаттандырып берді. Тәуелсіздік күні қарсаңында «Отбасы аллеясы» деп атау берген жаңа қоғамдық кеңістік ашылды.

Жаңа скверге көрші орналасқан үйлердің тұрғындарымен бірге қала әкімі Азамат Бекет те келіп, кәсіпкер азамат Зұлқожа Қожаевқа қаланың дамуына қосқан үлесі үшін алғысын айтты. Кәсіпкер бос жатқан аумақты өз отбасының атынан қалаға сый ретінде абаттандырып бергенін айтты.

«Біз қала әкімінің ұсынысын қабылдап, отбасымыздың және компаниямыздың атынан Ақтөбеге сыйлық жасауды ұйғарып, өз қаражатымызға сквер салдық. Жұмысты бір жазда аяқтадық. 1000 шаршы метр жерге жаяу жүргіншілер үшін жол, 900 шаршы метрге автотұрақ орнаттық. Заманауи орындықтар, шамдар қойылып, жарықтандырылды. Сондай-ақ 2,500 шаршы метрге газон ектік, көктемде ағаш түрлерін, гүлдер отырғызамыз. Ол үшін 17 метр тереңдікте скважина қазып, су шығардық, тұрбалар орнатып, суару жүйесін тартып қойдық. “Отбасы” деген архитектуралық форма қойдық. Бұл тұрғындардың отбасымен уақыт өткізетін жері болады. Бір жыл бойы өзіміз күтіп ұстаймыз. Содан кейін осы жерде тұратын тұрғындарға тапсырамыз, сындырып бүлдірмеуін қарап тұрғандары керек. Тұрғындардың ауызбіршілігі мол екен. Біздің жұмысымызды қолдады», - деді Зұлқожа Қожаев.

Биыл Ақтөбеде демеушілердің көмегімен скейт парк ашылып, М.Мәметова көшесінде, «Есет батыр» және «Алтын Орда» аудандарында, қала орталығында жаңа аллеялар мен демалыс орындары бой көтерді. Сондай-ақ, “Ретро саябағын” қайта қалпына келтіру, бұрын қараусыз қалған Автовокзал маңындағы саябақ аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Қала әкімі туған жеріне жанашыр азаматтар қатарының артуы Ақтөбеде демеушілік институтын қалыптастыру қажеттілігін көрсетіп отырғанын және келесі жылы қоғамдық кеңістіктерді көбейтуді көздейтін 20 жоба дайын екенін жеткізді.

«Кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорындардың қолдауымен қаланы абаттандыру жұмыстарының қарқын алғанын ерекше атап өтуге болады. Биыл жанашыр азаматтардың демеушілігімен 15-тен астам жаңа саябақтар мен скверлер салынып, ескі демалыс аймақтары жаңғыртылды.
Бұл — бірліктің, отаншылдықтың, шаһарымызға деген сүйіспеншіліктің және ортақ мүдде жолындағы ынтымақтың айқын көрінісі.
Келесі жылы да осындай бірлескен жобаларымызды жүзеге асыратын боламыз. Бұл жұмысты алдағы жылдары да дәстүрге айналдырып, Ақтөбеде демеушілік институтын қалыптастыруымыз керек. Сіздерге қала тұрғындарының атынан алғыс білдіремін. Өз қаласын жақсы көретін, елге қызмет қылуға дайын азаматтарымыз көп болсын», - деді Азамат Бекет.