
5 желтоқсанда Парижде Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Францияның сыртқы сауда және экономикалық тартымдылық жөніндегі министрі Николя Форсьенің тең төрағалығымен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 16-шы отырысы өтті.
Іс-шара мен екіжақты кездесулер барысында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Олардың арасында Ақтөбе қаласындағы жылу, су және ағынды су инфрақұрылымын дамыту жобаларын іске асыру туралы келісім де бар.
Бұл үкіметаралық комиссияның отырысына Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет қатысып, сумен жабдықтау және орталықтандырылған жылумен қамту желілерін жаңғыртуды сүйемелдеу және консультациялық қолдау жөніндегі серіктестікті бекітетін өзара түсіністік туралы Ақтөбе қаласы мен француздық Veolia компаниясы арасындағы келісімге қол қойды. Бұл келісім - қызмет көрсету сапасының жоғары стандарттарына және энергия тиімділігіне қол жеткізуге бағытталған құжат.
Veolia – су ресурстарын, қалдықтарды (жинау, қайта өңдеу, кәдеге жарату) және энергетикалық қызметтерді (жылыту, микроклимат) басқару саласындағы әлемдік көшбасшы.
Veolia әлемнің бірнеше елінде жұмыс істейді және Қазақстандағы қызметін кеңейтуге дайындалуда. Биылғы жылдың қыркүйек айында қазақстандық жергілікті атқарушы органдармен кездесулер өтіп, нәтижесінде коммуналдық сектордағы басым жобаларды айқындау үшін жұмыс тобы құрылды. Қазіргі уақытта компанияның жұмыс тобы Ақтөбедегі инфрақұрылымдық желілерді, соның ішінде «Aqtobe su-energy group» АҚ желілерін зерттеуге кірісті. Ақтөбе қаласында су құбыры желілерінің тозуы 60%-ды, жылу желілері – 58%-ды, кәріз желілері – 80%-ды құрайды, және бүгінгі таңда олар жаңғыртуды қажет етеді. Осы келісімге қол қою – қала инфрақұрылымын жаңартуға және оңтайландыруға бағытталған қадамдардың бірі.