"Жаңа идея-жайлы қала" эскиздік жобалар байқауы жарияланды

"Жаңа идея-жайлы қала" эскиздік жобалар байқауы жарияланды

Ақтөбеде қала әкімі архитектура, ландшафты дизайн, урбанистика, құрылыс, инженерия саласына оқып жатқан жоғары оқу орындарының студент жастары арасында «Жаңа идея - жайлы қала» эскиздік жобалар байқауын жариялады.

Бүгін Азамат Бекет студент жастармен кездесіп, қаланы абаттандыру бойынша жұмыстарды талқылады, жастардың жайлы қалалық орта қалыптастыру туралы көзқарастарын тыңдады, пікір алмасты.
Бұл шараға құрылыс компанияларының басшылары, архитектор мамандар қатысты.

«Біз қалада қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстарын қолға алдық. Биыл жаздың өзінде 15-тен астам жаңа қоғамдық кеңістіктер пайда болып, ескілері жаңартылды. Бұл жұмыстарды біз алдағы жылы да жалғастырамыз. Бізге сіздердің, жастардың тың көзқарасы, жаңа идеялары керек. Сіздермен жұмыс істеуге әзірміз. Ол үшін біз «Жаңа идея - жайлы қала» эскиздік жобалар байқауы жариялап отырмыз. Бұл «Жаңа идея - жайлы қала» байқауының мақсаты - жастарды қаланың өміріне, қалалық ортаның қалыптасуына араластыру, студенттердің мамандыққа бейімделуіне тәжірибе жүзінде мүмкіндік беру, жастардың жаңашыл көзқарастарын, идеяларын қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға бағыттау, тиімді пайдалану. Осы байқауға сіздер қатысады, қаламызды көрікті ете түсетін, қалаға тың серпін беретін жаңа жобалар ұсынады деп сенемін», - деді Азамат Бекет.,

Байқау екі бағыттан тұрады:

1. Қала әкімдігі тарапынан ұсынылатын бос жатқан учаскелерді қоғамдық кеңістік ретінде (сквер, аллея, саябақ, рекреациялық аймақ) абаттандыру үшін эскиздік жоба жасап ұсыну.

Бірінші бағыт бойынша жүлдесі:
1 орын - 1 млн. теңге;
2 орын - 500 мың теңге;
3 орын - 300 мың теңге.

2. Қала ішінде бар, бірақ абаттандыруды қажет ететін қоғамдық кеңістіктерді жақсарту, жаңарту, толықтыру үшін эскиздік жоба ұсыну (аллеяларды, шағын скверлерді, көшелердегі, ғимараттар алаңындағы шағын бұрыштарды (уголочки) жақсарту, жаңарту, толықтыру).

Екінші бағыт бойынша жүлдесі:
1 орын - 500 теңге;
2 орын - 300 мың теңге;
3 орын - 200 мың теңге.

Байқауға студент жастар жұмыстарын 15 желтоқсанға дейін ұсынулары тиіс. Жылдың соңында байқау қорытындыланады. Ең үздік деп танылған жеңімпаз эскиздік жобалар келесі жылы жүзеге асырылады.