"АҚТӨБЕ БАРЫСЫ" АНЫҚТАЛД
Бүгін Ақтөбе қаласындағы №2 БЖСМ –де қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турниріне Ақтөбе облысы бойынша іріктеу жарысы болып өтті. Ұлттық күресімізден өткен дүбірлі додаға Ақтөбе қаласы мен аудандарынан іріктеліп шыққан 18 балуан қатысып, өзара мықтыны анықтады. Өкінішке қарай Қобда, Қарғалы, Темір және Ойыл аудандарының балуандары белгісіз себептермен қатысқан жоқ.
Аса тартысты өткен турнирде қарсылас шақ келтірмеген мұғалжарлық Еламан Қойшыбаев жеңімпаз атанып, «Ақтөбе барысы» атанса, екінші орынға Әйтеке би ауданының балуаны Ерасыл Аманкелді ие болды. Үздік үштікті Ақтөбе қаласының барысы Азат Қуанов иеленді.
Жеңімпазға ұйымдастырушылар 300 мың, екінші орынға 200 мың және үшінші орынға 100 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етсе, Еламанға каратэ спортынан қазақтан шыққан тұңғыш КСРО, Еуропа, әлем чемпионы, Ақтөбе қаласы мен Алға ауданының құрметті азаматы, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің құрметті профессоры, «Спорт жұлдыздары» журналының шығарушысы Әшім Қали ағамыз өз атынан бір жылқы атаса, екінші орынға ие болған Ерасылға спорт жанашыры Хамит Баймашев та жылқы мінгізді.
Жүзден жүйрік шыққан барыстарымызды жеңістерімен құттықтай отырып, республикалық додада жеңіске жетулеріне тілектеспіз. «Қазақстан барысы» турниріне осымен екінші рет жолдама алған Еламан Қойшыбаев інімізге сәттілік серік болсын дейміз! Бағың жансын барысым!