Ауылдың келешегі кемелді

Ауылдың келешегі кемелді
Ақкөл ауылы аудандағы жақсы істерімен көпшілікке белгілі елді мекеннің бірі. Сонау бір қысталаң кездің өзінде ауыл тұрғындарының ұйымшылдығы арқасында ауылдағы саябақ жойылудан аман қалды. Өздері біріге отырып, қоршау жасады, талдар отырғызды, демалыс орындарын жасақтады. Бұдан басқа да мақтан тұтар істер көп. Ауыл тұрғындары мен сыртта жүрген ақкөлдіктер қаржы жинап, өткен жылы шағын футбол алаңын əзірлеген болатын. Сонымен қатар, жан-жақта жүрген жерлестер ауылдағы ескі ғимаратты өз қаражаттарына жөндеп, ауылдастарына спорт ғимараты ретінде ұсынуды ойластырып отыр.Ол жүзеге асса, тұрғындардың бос уақытын мəнді өткізуіне мол мүмкіндік болмақ. Бұл орайда кəсіпкер М.Сəтмағанбетовтың көп демеушілік жасап жүргенін айтса да болады. Өз қаржысына хоккей кортын салып берді.
Жалпы ауылда қай салада болсын, ілгерілеу бар. Салық түсімдерін орындауда нəтиже жақсы, кəсіпкерлікті дамыту ісінде де оң өзгеріс бар. Өз бизнесін бастауды ұйғарушылар да биылғы жылға өз жоспарын жасауда
Ауыл əкімі Р. Рапашеваның баяндамасында осындай жақсы істер жайлы жəне алдағы міндеттер хақында баяндап өтті.
Өз есебінде аудан əкімі Д. Ермағанбетов ақкөлдіктерді жақсы істерге жанашыр бола білгенліктері үшін алғысын білдіріп, ауылдың көгілдір отынға қосылғанын, көктемде ауызсуды пайдалану мүмкіндігі ашылатынын айтып өтті. Сонымен қатар, Қарабұтақ пен екі ортадағы жолдың да жөнделуіне тиісті құжаттар жасалып, жөндеу басталатынына тоқталды. Ауылға ең қажетті əлеуметтік нысанның іске қосылуы тұрғындардың көшуіне тоқтам салары анық.
Жиында зейнеткер О. Смайлұлы, ұстаз Т. Сағындықов сөз алып, жасалған жұмыстарға ризашылық білдіріп, ел үшін атқарып отырған қызметтеріне алғыстарын жеткізді.
Есеп беру жиынына облыс əкімінің өкілі ретінде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының м.а. Е. Кенжалы, аудандық мəслихат хатшысы Е. Таңсықбаев, аудан əкімі аппаратының жетекшісі Е. Қаржаубаев қатысты.
Санитарлық талапқа орай арақашықтық сақталып, дене қызуын тексеру жасалды